Ағымдағы жылғы сәуірде ауқымды фискалдық және монетарлық ынталандыру аясында әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы ахуал қалпына келе бастады, деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ербола Досаев, деп хабарлайды zakon.kz.
Оның сөзінше, әлемнің бірқатар елдерінің біртіндеп карантиннен шығуына қарай қор алаңдары өсудің оң аймағына шықты. Наурыздағы елеулі төмендеуден кейін акциялар нарығы орташа алғанда 11-12%-ке өсті.
Ағымдағы жылғы 10 сәуірде ОПЕК+ мұнай өндірісін күніне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы келісімге келді. Бастапқыда ОПЕК+ келісімі мұнай қорының ұлғаюы және шикізатқа деген сұраныстың барынша қатты төмендеуінен қауіптену аясында шикізат нарығындағы ахуалды жақсарта алған жоқ. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы ағымдағы жылғы 22 сәуірдегі сауда-саттық барысында бір баррель үшін 15,98 АҚШ доллары болған ең төмен белгіге дейін төмендеді.
Ағымдағы жылғы сәуірдің соңында мұнайға баға белгілеу төмендеуді қайтара отырып, бір баррель үшін 25,27 АҚШ долларына жетті (жылдың басынан бастап 61,7%-ке төмендеді).
Мұнайға бағаның және әлемдік сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ төтенше жағдай режимі мен карантиннің енгізілуі Қазақстандағы экономикалық белсенділік көрсеткіштеріне әсер етті. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің (ҰЭМ СК) алдын-ала бағалауы бойынша ағымдағы жылғы 4 айда ең көп төмендеуді көлік (11%-ке) және сауда (8,9%-ке) сияқты сервистік салалар көрсетті.
Осының аясында ағымдағы жылғы сәуірдің басында іскерлік белсенділікті қолдау және экономиканы кредиттеу үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Ұлттық Банк ағымдағы жылғы 6 сәуірден бастап базалық ставканы +/- 2 п.т. дәлізімен 9,5%-ке дейін төмендетті, ал ағымдағы жылғы 27 сәуірде базалық ставканы сол деңгейде сақтап қалды.
Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалдың оң дамуы және сыртқы жағдайлардың жақсаруы кезінде инфляция дәлізі ағымдағы жылы мұнай бағасының бір баррель үшін 35-40 АҚШ долларына дейін өсуі кезінде 6-8% болуы мүмкін.
Төтенше жағдай және карантин талаптарында тамақ өнімдеріне сұраныстың өсуі аясында Қазақстандағы жылдық инфляция үдеуін жалғастырды және екі ай қатарынан 2020 жылы 4-6% нысаналы дәлізден жоғары қалыптаса отырып, ағымдағы жылғы сәуірде 6,8% деңгейінде қалыптасты.
Сауда әріптестері елдерінде карантин шараларының енгізілуі нәтижесінде шектелген импортқа байланысты ұсыныстың жеткіліксіз болуы жағдайында азық-түлік тауарлары бағасының бір айдағы өсуі 1,9%-ті құрады, жылдық өсу 10,4%-ке дейін жылдамдады, бұл 2017 жылдан бастап ең жоғары мән болып табылады. Ағымдағы жылғы сәуірде көбінесе жемістер мен көкөністер – 5,6%-ке, қант – 6,2%-ке, жармалар – 3,4%-ке қымбаттады.
Сауда және сервис объектілері қызметінің тоқтатылуына байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі шамамен алдыңғы айдың деңгейінде сақталды.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы жылдық көрсетуде 5,4%-ке өсті. Ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты дәрі-дәрмектер мен жеке қолданыстағы тауарлар сияқты жекелеген тауарлар бағасының өсуі ЖЖМ бағасының төмендеуімен реттелді (сәуірде бензиннің бағасы 1,3%-ке, дизель отынының бағасы 2,3%-ке төмендеді).
Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3,5% деңгейінде сақталды. ТЖ режимі қолданылған кезеңде коммуналдық қызметтер тарифтерінің уақытша төмендеуі тежеуші фактор болды.
Ағымдағы жылғы сәуірде ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды. ОПЕК+ мұнай өндіруді қысқарту туралы қол жеткізген уағдаластық, акциялар нарығындағы позитивті жағдай, экономикасы дамушы елдер және мұнай экспорттаушылар валюталарының нығаюы теңге үшін оң үрдіс болды. Нәтижесінде ағымдағы жылғы сәуірде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңгеге дейін 5,2%-ке нығайды
Карантинді ескере отырып, көптеген кәсіпорындар шектеулі режимде жұмыс істеді, бұл шетел валютасына сұраныстың төмендеуіне, нәтижесінде биржадағы сауда-саттық көлеміне әсер етті. Ағымдағы жылғы наурызбен салыстырғанда теңге-доллар жұбы валюталық сауда-саттығының көлемі 3,46 млрд. АҚШ долларынан 1,72 млрд. АҚШ долларына дейін екі есе төмендеді.
Шетел валютасына сұраныс экспорттаушы компаниялар қалыптастырған ұсыныстармен, Ұлттық қордан бюджетке кепілдендірілген трансферттерді бөлу мақсатында валюталарды сатумен, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың валюталық түсімдердің бір бөлігін міндетті түрде сатуымен толық өтелді. Ағымдағы жылғы сәуірде квазимемлекеттік компаниялар іске асырған көлем 232 млн АҚШ долларын құрады.
Алдын-ала деректер бойынша Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері ағымдағы жылғы сәуірде негізінен алтын портфелінің өсуі есебінен 30,5 млрд. АҚШ долларына дейін 2,4%-ке немесе 0,7 млрд. АҚШ долларына ұлғайды. Бағалы металл бағасының өсуі 7% (бір унция үшін 1605 доллардан 1717 долларға дейін) болды.
Ұлттық қордың активтері бір айда 1,1 млрд. АҚШ долларына немесе 1,9%-ке ұлғайып, 58,5 млрд. АҚШ доллары болды. Активтердің өсуі (1,5 млрд АҚШ долларына) көбінесе инвестициялық кіріс есебінен акциялар нарығының наурыздағы төмендеуден кейін ішінара қалпына келуі (өсім шамамен 11%) нәтижесінде орын алды.
Халықаралық жалпы резервтер ағымдағы жылғы сәуірдің соңында 89,04 млрд. АҚШ долларына дейін бір айда 2,1%-ке ұлғайды.
Ағымдағы жылғы наурыздың соңында депозиттер көлемі валюта бөлігінің есебінен жыл басынан бастап 6,6%-ке ұлғайып, 20,3 трлн. теңге болды. Шетел валютасындағы депозиттер бағамды қайта бағалаудан 15,5%-ке немесе 1,3 трлн. теңгеге өсті (бағамды қайта бағалауды ескермегенде, валюталық салымдар 1,3%-ке немесе 277 млн. АҚШ долларына төмендеді). Ұлттық валютадағы салымдар 0,2%-ке (немесе 16,4 млрд. теңгеге) аздап қысқарды.
Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 43,1%-пен салыстырғанда, ағымдағы жылғы наурызда 46,7%-ке дейін ұлғайды.
2020 жылдың басынан бастап экономикаға берілген кредиттер наурыздың соңында 3,2%-ке (немесе 440,6 млрд. теңгеге) 14,3 трлн. теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ұзақ мерзімді кредиттердің 3,4%-ке (немесе 398,6 млрд. теңгеге) 12,2 трлн. теңгеге дейін өсуі нәтижесінде орын алды. Қысқа мерзімді кредиттер 2,1 трлн. теңгеге дейін 2,1%-ке (немесе 42,0 млрд. теңге) ұлғайды.
Кредиттік тәуекелдердің өсуі аясында заңды тұлғаларға арналған теңгедегі кредиттер бойынша орташа алынған ставка ағымдағы жылғы ақпандағы 12,0%-пен салыстырғанда наурызда 12,5%-ке дейін, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 12,4%-ке дейін (11,8%) өсті, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,1%-ке дейін (13,4%) төмендеді.
Экономиканы қолдау шеңберінде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жалғасуда.
1. Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 30 сәуірдегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 437,9 млрд теңгеге 650 өтінім қабылдады, 308,6 млрд теңге сомасына 499 жоба мақұлдады, 158,3 млрд теңге сомасына 382 қарыз берді.
2. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін және жеке кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер 1 403 өтінім берді, 79,1 млрд теңге сомаға 397 қарыз берілді.
3. "7-20-25" бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 30 сәуірде 200,2 млрд теңгеге 17 430 өтінім мақұлданды, оның 175,2 млрд теңге сомасына 14 812 қарыз берілді. "Баспана Хит" нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 187,8 млрд теңге сомасына 23 144 қарыз берілді.
"7-20-25" бағдарламасымен қамту аясын кеңейту мақсатында Қарағанды қаласында сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнына лимит 15 млн. теңгеден 20 млн. теңгеге дейін ұлғайды.