Өнер-білім бар жұрттар: сананың жаңғыруы

Тас қабырғаға сурет салу, от жағу, аң аулаудан бастап егін мен малға, жер телімдеріне иелік ету арқылы феодалдық қоғамды қалыптастырып, артынша жекелеген мемлекеттер болып бөлініп, құқық, ақша, тап сынды идеяларды қалыптастырды.

Адамзат баласы талай мыңжылдықтардан бері дамудың даңғыл жолына түскені анық.

Тас қабырғаға сурет салу, от жағу, аң аулаудан бастап егін мен малға, жер телімдеріне иелік ету арқылы феодалдық қоғамды қалыптастырып, артынша жекелеген мемлекеттер болып бөлініп, құқық, ақша, тап сынды идеяларды қалыптастырды. Мұның бәрі сананың жаңғыру процесі арқылы жүріп отырды. Лингвист мамандардың дерегіне сүйенсек қазіргімен осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген адамның бір-бірінен айырмашылығы жоқ екен. Десе де өткен заман технологиялардың дәуірлейтінін бізге топшылап жеткізгендей болды. Қазіргі адамзат санасы темір-терсекпен қатар жүрген заманда өрбіп отыр. Жаһандану ұғымы 2000 жылдардың басынан бері ауқымын кең жайып, бүгінгі адамзаттың өмір қолданысына еніп кетті.

Тағы да сананың жаңғыруына барып тірелеміз. Детерминизм десек те, кейде ғаламзатта өзіміз күтпеген модернизммен иық тірестіріп жататынымыз қызық-ақ. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай қазір адамзаттың революциялық емес, эволюциялық дамуы көш ілгері шықты. Қару-жарақ саудасы, атом бомбасын өндіру т.б күн тәртібінен түспей, халықаралық саяси қатынастарда өзара дау туғызып отырса да, оларды қалайша адамзаттың жеңісі санайсыз? Адамзаттың біз білетін жалғыз игілігі мен жеңісі – бейбіт өмірде, ешкімнің құқығы мен ар-намысы тапталмайтын, ғылым мен білімі өрістеген мемлекетте, өмір сүру құқығынан айырмайтын, Жер-жаһанды ортақ үйі санайтын, бөлініс пен дүрдараздықтың ада өмірде. Иә, бұл соңғысын адамзаттық санаға жатқызамыз. Осы орайда эволюциялық даму ғылым-біліммен, технология мен жасанды интеллекті жетілдірумен, тегін де сапалы білім берумен, ертеңіне еш шүбәсіз сенетін ер мінезді жастармен өлшенсе керек.

Алайда технологияның дәуірлеп кетуінің де өз шегі болса керек-ті. Адамды темір билер болса, алдағы ұрпақтың адамзат өкілі болатынына кепіл бере аламыз ба, әлде өмірлік құндылықтар өміршең бе деген сауалмен бетпе-бет келетініміз де анық. Былай қарасақ, сананың жаңғыруы күрделі процестерден тұрады. Бірақ адамзаттың санасына бақылау жасау кейде тым күлкілі көрініп кетеді. Арнайы электронды құрылғылар арқылы адам өмірін бақылау, бағытын тану кейде қарабайыр өмір салтынан адастырардай, тым заманауи көрініп кетеді. Ал сананы жаңғыру жайын әр индивид өзі шешуге құқылы. Алайда мемлекеттің мұнда атқарар рөлі орасан зор.

2017 жылы Қазақстанда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланды. Қазақстандықтардың рухани жаңғырып, санасын кемелдендіруде ерекше жол айрық болған мақала туралы жазарымыз көп. Әсіресе, сананың жаңғыруы, білім мен ғылымның күш алуы, отаншылдық рухтың өрістеуінде мемлекеттің дамуының үлкен миссиясы тұрғандай-ақ еді. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - деген Елбасы өз мақаласында сана жаңғыруының бірнеше бағытын ұсынды және оның бәрі өз халқымыздың ұлттық кодымен байланысты болатын. Кез келген дамыған яки дамушы мемлекеттің өз болмысын танытуда үлкен идеология жататыны белгілі жайт. Бүгінде жастар таңдай қағатын дамыған батыс елдерінің тарихына тереңірек үңілер болсақ, экспансия жолымен құрылған өткеніне бір қанығасыз. Ешкімді айыптамаймыз. Айтпағымыз, қазіргі заманда әр мемлекет тәуелсіз, өз шекарасын шегендесе де мұндай сыртқы факторлардың жым-жылас жоғалып кеткеніне сену қиын. Адамзаттың сананың шырқау шегіне санаулылар өтер, мүмкін алдағы уақытта басым көбі және олар белгілі бір ұлттың ғана емес, тұтас Жер шарының мүддесіне қызмет етер. Бірақ біздің тұста ұлттық идеологиялардың көзге көрінбесе де өзіндік қақтығысы бар.

Кімнің тілі, кімнің мәдениеті, кімнің өркениеті басым шығады сол көшбасшы болады. Мәселе, билік етіп, әлдекімді билеп-төстеуде емес, мәселе өз ұлтыңның осындай аласапыран және теңіздей тымық ғасырда көш ілгері басуы. Өткен ғасырлардан аян, ұлы өркениет жаасаған кешегі Цинь империясы, ежелгі Мысыр, ежелгі Грекия, бертін келе Рим, Осман империялары болсын сананы жаңғыртуда, өркениет және мәдениетпен үйлестіруде алға шығып отырды. Бір қызығы жаулап алу мақсатымен аттанған елдердің басым көбі өз мәдениетін сіңіруде қалыс қалып қойып жатқан жайттар да аз емес. Ол империялардың билігі құлаған соң, мәдениеті де қоса жұтылып кете барды. Ал өркениет жасағандардың ықпалы әлі де басым. Мәселе сол заманғы емес, барша заманға лайықталған өркениет жасау. Өркениет сананың жаңғыруымен келеді және негізгі мақсаты экспансия емес, адамзатқа пайда тигізу болмақ. Өркениет те қажеттіліктен туындайды. Дегенмен қазіргі технология дәуірін де тілмен де, техникамен де өркениет жасап, санаға жол тауып жүргендер қаншама. Олардың ақ-қарасын да ажырата біліп, өз ұлттық бірізділігімізді жоғалтпау маңызды-ақ. Осы орайда сананың жаңғыруы басым назарда болуы тиіс.

Елбасы өз мақаласында «Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», - деген еді. Осы себепті қазіргі шағын да шикі тартыстар, ауыз үйдің әңгімесіне ғана арқау болатын жайттарды жиып қойып, ұлттық даму жолында сананың жаңғыруы не деген сауалға жауап іздеп, білім мен ғылымға құлшына құлаш ұратын кез келді. Бұл кез баяғыда-ақ жеткен. Уақыт пен кеңістік көп нәрсені бізден бұрын ұмытып, сыбағасын ала алмағанға мойын да бұрмай кете барады. Желдей жүйрік дәуірде сана көкжиегін бағындырар белестер туралы жиірек ойланған және жүзеге асырған абзал. Көшпенділер ұлы өркениет жасады, әлі де ұмыт болған жоқ. Бұдан арқаланбасақ, кертартпалыққа жол жоқ.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: