Мал шаруашылығында өзін-өзі қамтамасыз ету мен экспортты арттыруға басымдық беріледі

Қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жоспарланған және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың көлемі 717 млрд теңгеден асады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ агробизнес өкілдері баяндама жасады.

Мал шаруашылығында 4% деңгейінде тұрақты өсім сақталуда. Осы жылдың соңына дейін саланың жалпы өнімінің көлемін 2,6 трлн теңгеге дейін, ірі қара мал басын – 7,8 млн басқа дейін, ұсақ мал басын – 17,5 млн басқа дейін жеткізу жоспарланған. 9 бройлер құс фабрикасы салынады, олар қосымша 105 мың тонна құс етін өндіретін болады. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларында өндірісті ұлғайту көзделген. Еліміздің қажеттілігін толық қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Жыл сайын 25 сүт-тауар фермасын салу 2025 жылға қарай қайта өңделген сүтті 500 мың тоннаға ұлғайту есебінен өзін-өзі толық қамтамасыз етуге көшуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жоспарланған және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың көлемі 717 млрд теңгеден асады.

"Үкімет мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті болуына және экспортты ұлғайтуға баса назар аударатын болады. Ірі өңдеуші кәсіпорындардың айналасында, оның ішінде жергілікті өндірушілерге экспорттық процеске қатысуға мүмкіндік беретін трансұлттық компаниялар мен инвесторлардың қатысуымен зәкірлі кооперация ерекше басымдықта болуы тиіс", — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы сәтті мысал ретінде Түркістан облысындағы түйе сүтін өңдеу зауытын келтірді. Инвестордың шикізатты тартымды бағамен сатып алуының арқасында сүтке сұраныс артып, түйе шаруашылығы қарқынды дами бастады. Бір түйенің құны ел бойынша 2 есеге өсті. Сала аса тартымды бола бастады.

Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы бағыттағы үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсыра отырып, мал шаруашылығының басқа салаларында да осындай кооперацияны дамыту қажет екенін атап өтті.

Мамин ұсақ қара мал басын көбейтуге ерекше назар аударудың қажеттігін, отандық құс шаруашылығын одан әрі кеңейтудің және ірі қара мал басын арттыру бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан өзге, Үкімет басшысы бүгінде астық егетін 300 ірі және орташа шаруашылықтарды мал шаруашылығына тартуға мүмкіндіктің бар екеніне, мұның өзі саланы дамытуға қосымша серпін беретініне тоқталды.

Сыртқы нарықтарда айтарлықтай сұранысқа ие шошқа етін өндіру — мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтудағы перспективалы бағыт ретінде аталды.

"Жалпы, мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Мемлекет барлық қолдау шараларын көрсетіп жатыр", — деп А. Мамин, барлық алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруды тапсырды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: