Жазу қай заманда болмасын үлкен өркениеттің негізі болды. Тарихта ірі аймақтарда жаулап алса да жазуы болмағандықтан, жаулап алған аймақтағы тұрғындардың бойына өз мәдениеттерін сіңіре алмай, уақыт көшіне жұтылып кетіп отырған империялар бұған дәлел. Мәдениет ұлттың бірізділігін сақтауда қашан да алғы шепте, әлі де солай. Ал сол мәдениеттің басты құраушысының бірі – жазу.
Осы орайда Қазақстан Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қазақ әліпбиін кириллдан латын қарпіне көшіру мәселесін қолға алып, салмағы ауыр тарихи мақсат қойды. Бұл тек қаріп ауыстыру ғана емес, тұтас руханиятқа ықпал ететінін есепке алсақ, оңай шаруа емес. Дегенмен, мұның тарихи мәні зор. 2017 жылы Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ алфавитін латын қарпіне көшіру бойынша түйдек-түйдек ойлар айтып, маңызды мәселелердің қазығын қадады. Ал күні кеше ғана осы бағытта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында біраз салмақты пікір білдірген еді.
Елбасы Н.Назарбаев өз мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастырудан бұрын қазіргі заман сынына төтеп беруді есепке алып, осыған қатысты бірнеше жоба ұсынған еді. Соның ең басында латын қарпіне көшу жұмысы тұр.
Елбасы өз сөзінде «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», - деді. Расында әр дәуірде көшбасшы болып отыратын тілдер болады. Бұл кәдімгі лингвистикалық қалыпты құбылыс. Айталық, тарих қойнауына сүңгір болсақ, Рим империясы қанаттанған тұста латын тілі кеңінен қолданысқа ие болды, дәл солай Араб халифатының күшеюі де араб тілінің өзінің көршілес қана емес, дін миссионерлері мен көші-қон нәтижесінде жан-жаққа қарқынды тарай бастады. Қытай Цинь империясы тұсынан ауқымды өркениет жасап, нәтижесінде Қытайға келіп білім алып, я сауда жасап немесе өзге де қажетін іздеген жан бірінші кезекте қытай тілі мен иероглифін меңгеруі керек болды. Тіпті қытай иероглифтері жапон мен корей қаріптеріне де әсер етті. Көріп тұрғанымыздай, тілдік құбылыс ол өз бетінше емес, басқа тілдерге де, олардың болмысына да ықпал етеді. Ал қазіргі ХХІ ғасырда ағылшын тілі фаворит саналады.
Бірақ ешқандай тілді бір-бірінен артық деп көре алмайсыз. Десе де ағылшын тілі қазір айтарлықтай қолданыста. Ол бір шетінен қажеттіліктен туып отыр. Ағылшын тілінің қарпі – латын. Бұл тағы да қажеттілік. Барша жаһан латын қарпін қолдануды қолай көріп жатқанда қол қусырып отыра беруге болмайтыны тағы бар. Бірақ мұның басты мәні қазіргі заманның талабымен ұштастырылады. Бұл туралы Елбасы мақалада «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп түйген еді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында сонымен қатар бәсекеге қабілеттілік туралы да сөз қозғалғаны белгілі әрі бұл туралы алдынғы мақалада баян еткенбіз. Жас ұрпаққа сапалы білім берудің басты көрсеткіші оларды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу болса, латын қарпі соған дәлел болмақ. Себебі қазақстандық жас өскін қазірден-ақ ағылшын тілін меңгеріп жатыр. «Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», - деді Н.Назарбаев мақалада.
2017 жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің латын графикасындағы бірыңғай стандарт нұсқасы лингвистер, ғалымдардың басшылығымен қабылданған еді. Ал 2018 жылдан бастап латын графикасына баппен көшудің шаралары қолға алынды. Айталық билбордтар, көше аттары латынша сөйледі, кей ақпарат агенттіктері өз сайт, газет т.б латынша жүргізіп көру тәжірибесін жасады. Қазір әлеуметтік желіде де отандастар латын қарпін жан-жақты қолданып жүр. Біраз кемшіліктер де болғаны рас. Латынша жазылған қазақ сөздерінің дұрыс оқылмауы, кей дауысты дыбыстарды ажыратудағы қиындықтар да кездесті. Қазақ әдебиеті туындыларын, тарихи мұрағаттарды қалай латынша сөйлетеміз, ол өз болмысынан ажырап қалмай ма сынды мәселелер де туындады. Бірақ Елбасының тапсырмасымен алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керек. Бұл барша руханият пен мәдениетті қамтитын оқиға болғандықтан, бәріне бірден көше салу мүмкін емес. Осы себепті жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт көлемінде кириллица қолданыста болады.
Күні кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында қазақ әліпбиін латын графикасына лайықтауға қатысты пікір білдірді. Президент қазақ тілінің латын графикасына көшуін коммуникациялық мүмкіндіктердің кеңеюімен түсіндірді.
«Біз латын әліпбиіне Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, қолдан жеделдетпей, біртіндеп ауысамыз. Мәселе әліпбиді жай ғана кирилл қарпінен латынға көшіру емес, қазақ тілінің емлесін қайта құруда болып отыр», - деді Қ.Тоқаев.
Шындығында әр тіл өзінше бөлек құбылыс. Дыбысталуы мен жазылуы да да әр тілдің өз болмысына саяды. Осы себепті латын графикасының уақыт сынын талап етуі де тегін емес. Себебі қазақ тілінің тілдік ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Өз тілімізге ғана тән дыбыстар бар. Аталған дыбыстар ертең жаңа қаріпке көшкенде онымен үйлеспей, я дыбысталуда қателікпен бітісіп кетпеуін қатаң қадағалап, оған лайықты әліпби жасау осыған байланысты салмақты жұмыс болғалы тұр. Мемлекет басшысы өз сөзін «Қазақ әдебиеті классиктерінің елеулі еңбектері кириллицада жазылғанын, қазақтардың көпшілігі кирилл әліпбиі негізінде білім алғанын және әлі де оқып жатқанын естен шығармаған жөн. Сондықтан осынау маңызды іске зиянын тигізбеу үшін асығыстық жасамау керек. Ойланып, мұқият әрекет ету қажет», - деп түйіндеді. Жоғарыда аталғандай жаңа қаріп талай ғасырлардан жасалған мәдениет пен руханияттың өрісін кеңейтпесе, омақа асырып құлатпауы тиіс. Қазақ тілінің тарихы тереңде жатыр. Ұлттың рухани жаңғыруына бастама болатын жазу мәселесі уақыттың еншісінде болса да, ана тіліміздің дәуірлеуіне ұлт болып жәрдемдесіп, бұл бастаманы бірлесе көтерген жөн.