Санитарлық дәрігерлер тойды, той тұрмақ той туралы ойды қоя тұрыңдар деумен келеді. Бірнеше өңірде асабалар мен кәсіпкерлер митингке шықты осы аптада. Олар нені талап етуде?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Тойханалар ғана емес, ивент-агенттіктердің маңдайлары тасқа соғылып, таулары шағылудың аз ақ алдында тұр.
Мадина Баймендина, кәсіпкер:
"Бір тойды өткізудің өзі 600-800 мыңға дейін барып қалатын. Жұмасына 2-3 рет тойға шығушы едік. Айлық бойынша қарайтын болсақ, екі миллионға дейін бізге шығын келтірілді".
Мәдина Баймендина 60 шақты аниматорлық костюмдерінің 40-тайын сатуға мәжбүр болдық дейді. Әрқайсының құны 80-90 мыңнан еді, қазір 5 мың теңгеге кетіп жатыр екен. Дағдарыс алқымнан алған соң тіпті кәсіпті де ауыстыруға тура келіпті.
Мадина Баймендина, кәсіпкер:
"Біз басқа бизнеспен де айналыса бастадық. Ол дизнефекция деуге болады. Пандемия кезінде, карантин кезінде дизенфекция жұмыс істеп тұрды. Дезинфекциядан қатты көп түсті деп айта алмаймыз. Себебі карантин кезінде барлық, біраз, мейрамхана болсын, басқа мекеме болсын барлығы жабық жатты. Бірақ енді аз да болсын түсті".
Астанадағы мейрамханалардың бірі 3 айда 20-25 банкеттен айырылған. Ол аз десеңіз маусым, шілде тамыз айларына жасап қойған алдын ала төлемдерін алып кетіп жатыр. Бұл қазірдің өзінде шамамен 30-дай банкент. Рестораторлардың айтуларынша бас қаладағы мейрамханалар мен тойханалардың 50 пайызы банкроттық шегінде тұр. Бұл дегенің тағы да жұмыссыздар армиясының саны өседі деген сөз.
Лаура Ахмадова, мейрамхана жетекшісі:
"Біздің қызметкерлердің дені аз қамтылған отбасылар қатарынан. Барлығы пәтер жалдап тұрады. Бес алтыдан бала шағасы бар. Көбіне аспаз, ыдыс аяқ, еден жуушы, қызмет көрсету сияқты жұмыстарды істейтін. Біз бірнеше жыл бойы олармен бірге жасап келдік. Бауыр басып та қалдық. Шамамыз келгенше материалдық қолдау жасап тұрамыз, бірақ алдағы уақытта тапсырыс болмаса оларды қамтамасыз ете алмаймыз".
Қазір бұл ғаламтор желісінде жалпы той томалақтың қажет я қажет еместігі қызу талқыға түсіп жатыр. Оралбек Бей Өтеғұлов есімді желі қолданушысы мынадай ойымен бөлісті.
Оралбек Бей Өтеғұлов:
Тойханаларды мүлдем жауып тастау керек. Ол жерде даяшы болып жұмыс жасайтын қазақтың өрімдей жас қыз-жігіттері. Кем дегенде 5-6 сағат жұмыс істетіп, 1500-2000 теңгемен ғана қатырады. Кейде ыдыс сындырып алса, ол да жоқ. Бұл адам еңбегін таза қанау ғой. Кейбіреулері тіпті 18-ге де толмаған. Ең болмағанда сағатына 1000 теңгеден төлеуі керек! Тойхана иелері де, әртістер мен асабалар да қарапайым халықтың есебінен өмір сүріп отырған таза паразиттер. Өттерің жарылып кетсе де айтайын: барып тұрған нағыз паразитсіңдер!
Жазба авторы тойға 5 айға мораторий жариялау керек деген пікірде. Алайда той индустриясын тек әнші мен әртісттің табыс көзі деп қарастырмау керек дейді, ел ағалары.
Ұлықбек Есдәулет, ақын, қоғам қайраткері:
Қазақта той халықтың қазынасы деген сөз бар. Ендеше халықты өзінің қазынасынан айыруға болмайды. Той біріншіден жастарға, жас жұбайларға тілек айту үшін, ақ бата беру үшін жасалады. Қырықтың бірі қыдыр деп, той қонақтарының ішінде жолынан үлгі өнеге алатын адамдар келіп жатады. Тойдың этикасы бар, эстетикасы бар. Соны сақтаумен өткізілсе, бұл қазақтың өте бір мағыналы ғибратты дәстүрінің көрінісі.
Бір нәрсе анық. Елді ешкім тойдан айырмайды. Тек эпидемия бәсеңдегенше шыдамақ керек. Өкінішке қарай індет қазір қайта күш алып отыр. Күзде тағы қайталанады деп күтілуде. Оған коронвируспен қабаттаса келген дағдарысты қосыңыз.