Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған "Сапалы жол - Түркістан адалдық алаңы" жобасы аясында Арыс қаласындағы автомобиль жолдарға кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты - автокөлік жолдарының сапасына сараптама жүргізу арқылы бюджет қаржысы есебінен төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу.
Қоғамдық бақылау жұмыстарына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басқарма басшысы Ғ.Жүндібаев, "Түркістан - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің менеджері Е.Тұңғышбаев, қала әкімі аппаратының басшысы Т.Анашбеков, қалалық автомобиль жолдары бөлімінің басшысы және мекеме қызметкерлері, қалалық "Nur Otan" партиясы төрағасының орынбасары, Арнайы мониторингтік топ мүшелері, облыстық "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" филиалының инженері Д.Камалов, мердігер және техникалық қадағалаушы мекеме басшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысып, Арыс қаласың жолдарына төселген жаңа жолдардың сапасымен танысты.
Кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары барысында жол құрылысының талаптары толық тексеріліп, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы Арыс қаласына қарасты алты көшенің, соның ішінде Жаңажол, Төлебай батыр, Ақынбеков, Қонаев, Молдыбаев, Қошқарбаев көшелерінің асфальт бетон жамылғыларынан сынама алынды.
Мониторингтік тексеру жұмыстары кезінде асфальт бетон жамылғысында шашылулар мен тегіссіздіктер, жол бордюрлерінің жарылуы мен жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол төселімінің бетіне (тротуарлар) шөп өсіп шығу деректерінің орын алғандығы анықталды.
Атап айтсақ, Қонаев көшесінің жол төселімінің тегістігі сметалық құжатқа сай келмейтіндігі белгілі болса, Ақынбеков көшесінің бойларына орнатылған су ағарлардың жарамсыздығы және су оқұбырының бетіне құйылған монолитті бетондарда жарылулар бар екендігі жүйелі жүргізілген мониторинг барысында белгілі болды.
Сондай-ақ, Төлебай батыр көшесінде асфальт бетон жамылғысының 52,5 м2 отырғандығы және жаяу жүргіншілер жолында 730 м2 бұзылу деректерінің бар екендігі анықталды.
Бұған қоса, асфальт бетон жамылғысында 22,5 м2 отырған жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары талапқа сәйкес жүргізілмегені анықталды.
Салынған жаңа жолдардың сапасы сын көтермейтінін байқаған мамандар мердігерлер жұмысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша акт түзіп, мердігер мекеме басшыларына қайта қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.
Айта кетсек, алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандардың жолдары жиі бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отыратын болады.