Сыбайлас жемқорлыққа қарсы атауынан ат үркетін небір стратегия мен жоспарлар қабылданып жатыр, қабылданып жатыр. Бірақ жалмауыздың басындай жалмаңдаған жемқорлықты жоюға билік мүлдем мүдделі емес сыңайлы. Керісінше, сыбайластық пен ұрлық гүлденген ортаны аялы алақанның қамқорлығына алғандай, деп хабарлайды zakon.kz "Жас Алаш" газетіне сілтеме жасап.
Алматыдағы "№24 қалалық емхана" коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорынындағы әпербақандық пен бюджет қаржысының талан-таражға түсуі емхананың бас дәрігері Жәмила Еркінқызы Баттақованың жоғары жақта сенімді қамқоршысы бар-ау деген ойға жетелейді. Тіреуі мықты болғасын ба, емхана қызметкерлерінің прокуратура, ҰҚК, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мекемелеріне жазған арыздары осы уақытқа дейін тексерілген емес. Егер, бір топ медицина қызметкері бізге арызданбағанда, бұл мәселенің қанша уақыт қоламтада бықсып жатары белгісіз еді.
Жәмила Баттақова Алматыдағы №24 қалалық емханаға 2019 жылдың 08 қаңтарында бас дәрігер болып тағайындалды. Араға апта салып, ұрланған 4 тонна дизель отынның орнын жабу үшін "Светлана" деген жеке кәсіпкерге "Ecofarm" газ плитасының "апаттық жөндеу үшін" деген сылтаумен 250 мың теңге аударады. Мұның артының тексеруі, сұрауы болмағасын, бас дәрігер бұдан да "батыл" қадамдар жасай бастайды.
"Дәніккеннен құныққан жаман". Жәмила Баттақова бастаған "команда" Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 30 қараша 2015 жылғы "Орташа жалақы көлемін есептеудің бірыңғай тәртібін бекіту туралы" №908 бұйрығын және "Денсаулық сақтау субъектілеріндегі қызметкерлерді кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсету аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ынталандыру Ережесін бекіту туралы" 29 мамыр 2015 жылғы бұйрығын қалағанынша бұрмалай отырып, өздеріне ай сайын мол сыйақы мен дифференциалды жалақы жазып ала бастаған. Шетқақпай көріп, қызметінен еріксіз кетуге мәжбүр болған қызметкерлер емхана басшылығының заңсыз әрекеттері туралы журналистерге шағымдануға мәжбүр болды.
Емхананың бұрынғы қызметкерлерінің бізге табыстаған құжатын зерттегенімізде, бас дәрігер, оның емдеу ісі жөніндегі орынбасары, менеджер, бас бухгалтер сынды басшылықтағы өзге де қызметкерлердің сыйақысы көрсетілген. Қарапайым қызметкерлерге мереке кезінде 10-20 мың теңге аралығында сыйақы берілсе, басшылар айлықтың көлеміне тепе-тең сыйақы алып отырған. Тіпті, негізгі жалақыдан бөлек, бір айда екі реттен сыйақы жаздырып алған.
Мысалы, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болған Гүлжан Маякова да қомақты сыйақы алған адамдардың тізімінде. Жалақысы 210 мың теңге деп көрсетілгенімен, қосымша ақы мен сыйақыларды қосқанда, ай сайынғы "табысы" 700 мың теңгеден асып кеткен. Сыйақы мен қосымша ақы бір жылдан аса үздіксіз ай сайын аударылған.
Ал 2019 жылдың басында бас дәрігердің міндетін уақытша атқарушы лауазымына тағайындалған Жәмила Баттақова қаңтар мен ақпан айларында тек 200 мың теңге көлеміндегі негізгі жалақысын алса, наурызда оған 662 мың, мамыр мен маусым айында екі рет 575 мың теңгеден аударылыпты. Ал шілдедегі еңбек демалысы, қосымша ақы және сыйақыны қоса алғанда, 1 млн 205 мың теңге алған. Алайда бас дәрігер, тамызда тағы да өзіне 230 мың теңге сыйақы жаздыртып, жалпы сомасы 416 мыңнан асатын ақша алыпты. Сыйақы 5 ай қатарынан берілген.
Аталған аурухананың медбикелері басшылықпен сыйыспаған кейбір мамандардың жұмыстан кетіп жатқанын айтады. Үш балалы жалғызбасты ана Әсем Шәмшиева жасаған жұмысына қажетті жалақысының толық төленбейтінін айтады.
"Қосымша жұмыс істейміз, сол төленбейді. Маммографияға скриниг жасаймын тұрғындарға, сол үшін "СКПН" төлеу керек. Бірақ ол мүлдем төленбейді. Сосын, біздің мекеменің басшылығы №20 және 21 емханамен келісімге отырған. Сол емханаға тіркелген адамдарды да осында аппаратқа түсіреміз. Сонда үш емхананың адамдарын аппаратқа түсіреміз, күніне отыз адамға дейін қабылдаймыз. Дәрігер терапевт ол үшін ақша алады да, алайда маған ақы төленбейді. Ал түрлі мерекелер кезінде 8, 10, 15 мың теңгедан артық сыйақы түсірмейді", - деді ол.
"Қосымша ақы" дегенмен көрші емханада тіркелген адамдарды да осында флюорографияға түсірем. Оның нәтижесін шығарып, жазып берем. Яғни, күніне отыз шақты адамды аппаратқа түсіріп, қорытындысын беру деген ауқымды, әрі жауапкершілігі жоғары жұмыс. Алайда мен бастыққа ұнамағаным үшін осы жұмыстардың ақысын бермейді. Қосымша 25 мың теңге мен үшін маңызды, үйде қатерлі ісікпен ауыратын 39 жастағы қызым бар. Біздің бастық бұрын да жұмыстан кеткен. Қазір ол қайтып келді де тағы шу басталды", - деді мұңын шаққан медбикенің бірі Елена Харитонова.
"Қарсы адамдардың саны көп, тең жартысы. Бірақ көбі қорқып отыр. Бастықтар ауысса екен дейміз, мына жақта быт-шытын шығарып жатыр жейтінін жеп, алатынын алып. "ДИПоплата" төлемейді, соны бір жағына шығарып көмектессеңіздер. Сыйақыны өз таныстарына көбірек жазады. "ДИП" төлемді 100 % жазады да, оның 25% ақшасын қалдырып, қалғанын кері жинап алады Қарлығаш Мақсұтқызы (№24 емхананың бас медбикесі - ред). Сыйақыны өздері бізден бес есе артық алып отыр. Біз бас медбикенің жұмыстан кеткенін қалаймыз. Оны бұрынғы бастық шығарып жіберген жұмыстан, сол кезде ұжым тынышталып қалып еді. Ол қайта келгелі, ақша жинау, науқастардың көзінше ұрсып, қорлау көбейді. Өзіне ұнамаған адам қосымша төленетін ақшадан, сыйақыдан алып тастайды. Медбикелердің бастығы наурыз мерекесінде өзіне 180 мың сыйақы алғанда, бізге 10 мың теңгеден ғана бергізді", - деді қазір басшысымен "жараспаған" медбике Айгүл Төлегенова.
"Бұрын маған да қосымша ақы төленбеген. Ұзақ үзілістен соң жұмысқа қайта шықтым. Сондықтан қазіргі жағдай туралы бір нәрсе талап етіп, айта алмаймын. Енді бас медбикенің үнемі айғайлап жүретіні рас. Индира деген қызымыз, тағы бірнеше қыз ұрыс болған соң, шығып кетті жұмыстан. Мен өзім қазір екі адамның орнына жұмыс істеп жүрмін. Бірақ маған заң бойынша 1,5 "ставка" ғана төленеді. Мен медбикемін, дәрігерім әлі жоқ. Окулист дәрігерсіз 4 жылдай жұмыс істеп жүрмін. Қаншама дәрігерлер келді, жұмыс істегісі келмей, кетіп қалады. Кейде менің сол дәрігердің орнына жұмыс істеп, жауап беруіме тура келеді. Сіздер осы мәселені де көтерсеңіздер. Неге "узкий специалист"-дәрігерлер жоқ, оның орнына неге медбикелер жұмыс істейді? Алайда мен дәрігер емеспін ғой", - деді тағы бір маман Алтын Нарымбаева.
Соңғы келіп жеткен ақпараттарға сенсек, қазір №24 емхананың басшылығы журналистерге шағымданған қызметкерлерді түгел үркітіп-қорқытып, арыздан бас тартқызуға әрекеттеніп жатқан көрінеді.
Біз мәселенің мәнісін анықтамақ ниетпен, алдымен емхана басшылығына телефон соқтық. Бас дәрігер мен орынбасары "жиналыс болып жатқанын" сылтауратып, сұқбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Одан соң, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарласуымызға тура келді. Ондағылар бұл жайдан хабардар секілді. Алайда, баспасөз қызметінің жетекшісі Нәбира Эсенова емхана басшылығымен басқарма басшысын қоса отырып, сұхбат құру туралы өтінішімізге құлықсыздық танытты.
Алматыдағы №24 емханадағы бас дәрігердің мұндай былықтарынан жоғары жақтағы қамқоршысы хабарсыз болуы мүмкін емес. Өйткені емхана қызметкерлері тарапынан жазылған арыздарды құзырлы орындардың заңға сәйкес тексермей, тіпті, тіркеп, қабылдамауы осындай ойға жетелейді.