Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметі есебінде тұрған сотталушыға облыс әкімі Оңдасын Оразалинның қолы қойылған “Төтенше жағдай режимінде коронавирус пандемиясына қарсы “Біз біргеміз” акциясында белсенділік танытқаны үшін” деген алқыс хат берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс әкімінің марапатын шартты сотталған адамға салтанатты түрде табыс еткен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Елеуов, еліміздегі төтенше жағдай кезінде облыстағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларға азық-түлік жеткізу кезінде еріктілер қатарынан есепте тұрғандардың да табылғаны шын қуантатынын айтты. Сонымен қатар ол, есепте тұрған адамды қоғамға бейімдеу кезінде Пробация қызметкерлерінің де еңбегі көп екенін атап өтіп, осындай атқарылып келетін жұмыстар үшін Астана аудандық Пробация қызметіне Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлының атынан және өз атынан алғыс айтты.
– Пробация есебінде тұрған сотталған С.Б.-ның облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының алғысына ие болғанына өте қуаныштымыз. Жалпы, бүгінгі марапатты алған есепте тұрған адам өзін ортада жақсы ұстайды: мінезі қарапайым, сабырлы, шаруасына тыңғылықты қарайды. Сонымен қатар, жаза өтеу тәртібін бұзбай, жұмыста жүрсе де уақыт тауып, пробация тарапынан ұйымдастырылатын түрлі қоғамдық шараларға белсене қатысады,- дейді Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің инспектор-психологы Кәмшат Ельтаева.