Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен жүр. Онда ол "Қазхром" ТҰК Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өндірістік алаңына барып, сондай-ақ өңірдегі ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысымен танысты, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
"Мен Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен жүрмін. Бір күн бұрын "Қазхром" АФЗ-ның өндіріс алаңын араладым. Компания басшылығына N1, 2 цехтарының қалдықтарын 30%-ға азайту жөніндегі алған міндеттемелерін мүмкіндігінше тезірек орындау қажеттігін нұсқадым", - деп жазды министр жұмада.
"Сонымен қатар, "Қазхром" жалға алған мердігер компаниялардың жұмыстарды орындамауы салдарынан жинақталған қалдықтарды тиісті дәрежеде ұқсату үшін жедел шаралар қабылдауы керек", - деп толықтырды Экология министрі.
Министрдің айтуынша, осы және басқа да мәселелер министрліктің келесі аптадағы жиынында қаралады.
"Сондай-ақ облыстағы су ресурсының жағдайын, өңірдегі ирригациялық инфрақұрылымды құру және жаңғырту жұмысының барысымен таныстым. Өңірде бұл жұмыстардың оң нәтижесі білінеді: фермерлер жаңа жерлерді игеруде, жоңышқа егінін көбейтуде (жылына 4 рет өнім алады), шикізатты өңдеп, экспортқа жіберуде. Сондай-ақ, сүт фермаларын дамыту жоспарланған. Алдағы міндет - облыстағы суармалы жерлерді 32 900-ден 69,967 га-ға дейін ұлғайту" , - деді Мырзағалиев.