Елімізде карантин енгізілгендіктен адамдар тобының шоғырлануына жол жоқ. Осыған орай Төлеби аудандық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 22.07.2020 жылғы №24 қаулысы шықты, деп хабарлайды zakon.kz.
Қаулыға сәйкес, 2020 жылдың 24-26 шілде күндері аралығында Төлеби ауданы Біркөлік, Қасқасу тау шатқалдарында орналасқан демалыс орындарына баратын жолдарға блок-бекеттер қойылды. Бұл блок-бекеттер санитарлық нормалардың бұзылуына жол бермеу, демалыс орнына келушілерді қайтарып, карантин талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қойылған.
Блок-бекеттердегі қызметкерлер барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Яғни демалыс орындарына келушілерге Бас санитарлық дәрігердің қаулысы таныстырылып, жалпы 2500-ге жуық автокөліктер кері қайтарылды. Нақтырақ айтсақ, демалуға келуші азаматтардың көбісі Шымкент қаласының тұрғындары екендігі анықталды. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған 17 демалыс орындарына іс-құжаттар жинақталып, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы" бойынша хатттама толтырылды.
Сондай-ақ су жағалауында шомылып жүрген, қауіпсіздік шараларын сақтамаған 37 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабымен "Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу" әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалынды.
Одан бөлек, билік өкілін қорлаған азаматтарға шара көрілді. Мысалы, 26.07.2020 жылы карантин талаптарының сақталуы барысында қойылған Біркөлік ауылына кіреберіс жердегі блок-бекетте полицейлер "Тойота" маркалы автокөлікті тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда көлік ішіндегі екі жас жігіт тәртіп сақшыларын тыңдағысы, бағынғысы келмей, полиция қызметкерлерін жұрттың көзінше балағаттап, қарсылық көрсеткен. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 378-бабымен "Билік өкілін қорлау" қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушылардың бас шарасы "міндеттеме".
Карантин режимінің сақталуы бағытындағы жұмыстар Төлебилік полицейлер тарапынан алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.