"Өмір деген өткінші, өтеді де кетеді", - деп бұрындары ақсарбас ақсақалдарымыздан көп естуші едік. Көнекөздердің осы айтқандарында ешқандай қателік жоқ екен ғой, айна қатесіз, тұп-тура шындық. Елімізге белгілі тұлға, халық ағасы атанған Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров 70 жасқа қараған шағында дүниеден оза барды.
Бұл мақаламызды жазу да біз үшін тым ауыр. Тек, біздің алаң көңіл әттең, әттең! - дей бергісі келеді. Өйткені, өмірдің көкпарына шу тартып кірген ақеділ азаматтың қайғылы қазасы жайлы қалам тербеу кімге болса да қиын-ақ. Өмірлік несібесінің шегі түгесілмей жатып, сусып ағып түскен шоқ жұлдыздай арамыздан жарқ етіп өте шыққан апталдай азаматымыз өскелең ұрпаққа керек-ақ еді, ол кісінің жастарға берер тәрбиесі мол еді. Осындайда қариялардың: "Адам ойлағанмен, өмір тақтайдай тегіс емес, жаратқанның маңдайға жазғанын көресің", - дегені есімізге еріксіз түседі. Жақсылық Әмірәліұлы бұл жалғанда Отан алдындағы парызына соңғы демі қалғанша адалдығын танытты. Елімізде күрес спортын дамыту жолында еселі қызмет атқарып, бойдағы бар күш-жігерін осы жолға арнады. Жамбыл облысы Свердловск ауданына қарасты Дихан ауылынан түлеп ұшқан ол, өзінің асқақ арманына қанат бітіріп, жастайынан тынбастан жаттығып, әлем додаларында нәтижелі өнер көрсетті. Мол еңбек пен қажыр-қайратының арқасында Грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атанды, одан кейін әлем чемпионы атанып, еліміздің байрағын биікке көтерді. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек жаттықтырушысы болған спорт шебері, заңғар тұлғамызды жұртымыз зор құрметке бөледі. Ғұмырында "Қазақстанның еңбек ері" сыйлы мәртебесіне ие болып, мемлекеттік "Барыс", "Құрмет", "Парасат" ордендерімен наградталды.
Ол кісі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімімен де тығыз байланыста болған еді. 2016-2017 жылдары әскери бөлімге келіп, жеке құрамға өзінің өсиеттерін айтатын, "бауыржандық" құтқарушыларға тәлім-тәрбие беріп, бойларына патриоттық рух сыйлап кетуші еді. Сол кездері бір сарбаздың "Сіздің үлгі тұтатын рухани ұстазыңыз кім?" - деп сұрақ қойған кезде, ойланбастан "Бауыржан Момышұлы, ол - ұлт қаһарманы, ол - мәрт батыр, ол - халық батыры" деген еді. Қай кезде болмасын жүзінен мейірім нұры төгіліп тұратын ақжарма азаматтың өнегелі өсиетті сөздерін әскери бөлім сарбаздары жадында тұтып, ұран қылып айтып жүретін. 2016-2017 жылдары үнемі әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен де танысып, әскери бөлім командиріне де өзінің ақылдарын айтып кететін. Сондықтан да 28237 әскери бөлімінің құрметті, сыйлы қонағы еді. Әскери бөлімнің "Құрметті қонақтар кітабына" да жүрекжарды қолтаңбасын қалдырған еді. Дәл сөзін жазсақ:
"Құрметті құтқарушылар, Сіздерге амандық тілей отырып, Отанымыздың рухын, тәртібін қорғауда алда болыңыздар! СССР, әлем, ХХІІ олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағаларыңнан естелік" - деп, естелігін қалдырған болатын.
Үлкенге ізетті, кішіге медетті кеңпейіл мінезінің арқасында біздің әскери бөлімнің ғана емес, елінің де ағасы бола білген Жақсылық ағамызды Ұлттық ұланның Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің ұжымы мен сарбаздары ешқашан ұмытпайды. Осы тұста тіл ұшына бәрібір де әттең деген сөз қайта-қайта иіріле беретіні-ай! Амал нешік, аға тұлғамыз мәңгілік мекеніне жол тартты...
"Сары аязда қата ма, қайнардың аққан тұнығы. Сап ішінде жата ма, болаттың асыл сынығы" - деп, Ақтамберді жырау жырлағандай, нағыз ердің ісі ешқашан ұмытылмайды. Азамат болса сондай-ақ болсын. Жасын ғұмырлы Жақсылық Әмірәліұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілік жасай бермек. Қош, аға! Жаны жайсаң тұлғамыз! Сіздің берген үлгі-өнегеңіз мәңгілік жадымызда! Бастысы заңғар жолыңыз аласармасын, Сіз салған дәстүрлі жолға сызат түспесін!
аға лейтенант Айдос Байшағыров,
ҚР Ұлттық ұланы 28237 әскери бөлімі,
Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы.