Бүгін Ливан Республикасындағы сегіз айлық қызметтен кейін үшінші бітімгерлік рота елге оралды, деп хабарлайды zakon.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бітімгершілік миссияға жіберілген әскери қызметшілерді десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, әскери бөлім командирлері мен қазақстандық бітімгерлік полкінің жеке құрамы қарсы алды.
Алдыңғы топтар секілді еліміздің үшінші бітімгершілік құрамына да сегіз ай уақыт аралығында Ливандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Олардың миссиясын орындау кезеңінде қабылдаушы елде әскери-саяси, экономикалық жағдайы күрделі болды, әлемде "COVID-19" коронавирустық инфекциясының тез таралуы байқалды, бірақ біздің әскери қызметшілер қойылған тапсырманы орындады.
"ҚР Қарулы Күштерінің контингентімен бітімгершілік миссияны орындау еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделін нығайту жолындағы маңызы зор. Сіздер жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін көрсетіп, өз міндеттеріңізді адал атқардыңыздар", - деп атап өтті десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысының бірінші орыбасары - штаб бастығы полковник Бауыржан Артықов. Ол "бітімгершілік күштердің жаңа, төртінші контингенті Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшісі деген атын асқақтататынына" сенім білдірді.
Үнді бітімгершілік батальоны құрамындағы қазақстандық әскерилер өздерін жауапты мамандар ретінде көрсете білді. Миссия басшылығы, шетелдік әріптестер мен бақылаушылар олардың кәсіби қызметіне жоғары баға берді және әлемдік қоғамдастықта лайықты беделдері бар екенін растады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының БҰҰ бітімгершілік қызметіне қатысуы еліміздің халықаралық деңгейдегі сыртқы саясат қызметінің маңызды саласы болып табылады.