Кез келген халықтың тарихы белгілі бір негізден бастау алады. Дәл солай әр халықтың өзіне тән құндылығы, ұлттық ерекшеліктері мен болмысы бар. Әлбетте айырмашылық болмаса, қызықты зерттеулер мен антропологиялық деректер, тарихи жәдігерлер құнды болмас та еді.
Түбі бір түркі халықтары тарихтың сынынан сүрінбей өтіп, қазіргі біз өмір сүріп отырған уақытта тығыз қарым-қатынас орнатты. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түбі бір түркі халықтарының бірлігін нығайтып, қатынасын жаңғыртып, рөлін айшықтауда атқарған қызметі зор. Нұрсұлтан Әбішұлының ең айтулы шешімі көнеден түркі дүниесінің ортақ астанасы саналатын Түркістан қаласын облыс деңгейінде жаңғыртып, қаланың қайта түрленуіне бастама болуы еді. 2018 жылы Елбасының жарлығымен Түркістан облыс мәртебесін алып, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанды. Сол сәттен бері Түркістан қаласы мен облысын дамыту шаралары қарқынды жүріп келеді. Одан біраз жылдар бұрын Елбасы өз сөзінде "Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі", - деп баға берген еді. Түркістанның тарихы көнеде, мыңдаған ұлт пен ұлыстың басын қосып, тарихи-экономикалық маңызы орасан зор шаһар барша түркі жұртының алтын бесігі бола білді. Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға облыс мәртебесін беріп, оны жаңғырту мәселесінде шаһардың түркі жұртына ортақ киелі мекен екенінен өзге, оның экономикалық, туристік, әлеуметтік және демографиялық ерекшеліктерін ескерген деп білеміз. Осы себепті қаланың экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына тікелей ықпал ететін "TURKISTAN" экономикалық аймағы құрылды. Бүгінде қаланы жаңғырту жолында туристік және әлеуметтік мәселелер ескеріле отырып, жаңа ғимараттар бой түзеді. Ал көненің көзіндей болып келе жатқан бабалар кесенесі қайта жөндеу жұмыстарына беріліп, жасақталды.
Нұрсұлтан Әбішұлының "Ұлы даланың жеті қыры" және "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақалаларында береке мен бірлік, тарихты құрметтеу, өткенге аялдай көз тастап, болашаққа нық қадам жасау керектігі туралы жиі айтады. Әсіресе "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы тек қазақ халқының ғана емес, барша түркі жұртының асқақ құндылықтарын тағы бір паш етті. "Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді", - дей келе Елбасы атқа міну мәдениеті, металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігіне айналған өлкелер, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны туралы нақты және тарихи салмақты деректер келтіреді. Қазақстандағы Алтай өлкесі барша түркі жұртының алтын бесігі саналатынын жазған ол "Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды", - дейді. Расында тек қазаққа ғана емес барша түркі жұртына ортақ ғұлама бабаларымыз Әбу Насыр әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауи болсын білім мен ғылымның, ізгілік пен адамдықтың асқақ үлгісі бола алды. Мұны барша түркі жұрты мақтанышпен айтады.
Мәдени мұра" бағдарламасы барша түркі әлеміне белгісіз болып келе жатқан деректерді ашып, таразылауда ең табысты жоба болды десек артық айтқандық емес. Бұл жоба аясында талай тарихи оқулықтар басылып шығып, түрлі деректі фильмдер мен кинокартиналар жұртшылыққа жол тартты. Елбасының кезекті бастамасы – "Архив-2025" жеті жылдық бағдарламасы. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мән беріледі. Нұрсұлтан Әбішұлы "Түркі әлемінің генезисі" деген терминге ерекше тоқталады. "Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті "Қара шаңырағы". Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты", - деген ол Қазақстан түркі жұртының басын қосып, береке мен бірлікті нығайтуда өз аумағында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру керектігін алға тартады. Мәселен, 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы аталған Түркістанда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Тұрақты кеңесінің 35-ші отырысы өтті. Бұл келелі жиында түркі елдерінің мәдениет министрлері бас қосып, әрі қарайғы мәдени-рухани байланысты нығайту бойынша негізгі мақсаттарды айқындады. Қазақстанда Дархан Қыдырәлі басшылық ететін Түркі академиясы да жемісті жұмыс жасап келеді. Түркі жұрттарымен ортақ диалог құрып, мәдени біртектігімізді дамытуда бұл академияның да алар орны ерекше. Сондай-ақ бұл қатарға Түркі Кеңесі мен ТүркПА ұйымдарын жатқызамыз. Болашақта түркі интеграциясын дамыту мақсатында Түркістандағыдай айтулы жиындар болашақта да жаңғырып, жалғасын табады деп сенеміз. Себебі Елбасы өз сөзінде "Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады, - деген еді.
Алдағы уақытта түркі әлеміне ортақ мәдениет салаларының дамыту табысты бастама болады деп ойлаймыз. "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын басшылыққа алсақ, Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, дала фольклоры мен музыкасын дамыту, сондай-ақ тарихи деректі фильмдер, телевизиялық сериалдар мен толық метражды көркем картиналар цикілін жасақтау мұраты тұр. Елбасының түркі әлемін жаңғыртудағы айтулы еңбегі барша түркі мемлекеттеріне аян. Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған елордасы Нұр-Сұлтан қаласына жасаған мемлекеттік сапарында Елбасыны "Түркі әлемінің ақсақалы" деп атаса, саясаттанушы Куршад Зорлу "Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірлері мен бастамалары түркі әлемінің рухани тұрғыда оянуында айрықша рөл атқарды. "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақалалары арқылы басталған ұлт-тық жобалар тек Қазақстан үшін ғана емес, түркі дүниесінің тарихын қайтадан тануы мен өзгеге танытуына жол ашып, бағдар берген еді. Нұрсұлтан Назарбаев – түркі әлемін біріктірген тұлға", - деді.
Біз қашан да өз тарихымызға құрметпен қарадық және өз бойымыздағы ұлттық болмыстарымызды заман талабына қарай лайықтап келеміз. Елбасы Н.Назарбаев пен мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың басшылығымен көне тарихымызды жаңа тарихымызбен сабақтастырып, мәміле мен бейбітсүйгіш мемлекет моделін қалыптастырып келеміз. Қашан да іргедегі көршілерімізбен бейбіт те берік қатынас ортанып, түркі әлемінің әрі қарайғы жаңғыруына да ат салысып келеміз. Әрине бар әлемдік мемлекеттерде алалау біздің саяси приницпке жат. Өркениет пен мәдениет әр ұлтта бар. Ал бауырлас ұлттармен қоян-қолтық араласып, өз мәдени ерекшеліктерімізді айшықтау айып емес.