Осылай деп мұңын шаққан Алматы облысының тұрғындары Ақсу қант зауытының өніміне шағымдануда. Тәттінің іші толған қоқым, жеуге келмейді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Ақсу ауданына қарасты Алтынарық ауылының тұрғындары зауыттан 2 тонна қант сатып алған екен. Қап-қабымен өзара бөліп ап, тосап қайнатамыз, деп сақтап қойған. Қызықтың көкесі мөшекті ашқаннан кейін басталған. Бір емес, екі емес, барлығының қанты осындай қоқым аралас боп шыққан. Суға салсаң түсі бірден қарайып, түбіне тұнба тұнып қалады, дейді.
– Екі мөшектен алды, үш мөшектен алды кейбіреулер. Сөйтіп алды. Бір айдай тұрды ма, 15 күндей тұрды ма, одан кейін барып қолдандық. Бетіне топырақ шығып тұр. Сап-сары өріктің варениясы мынандай қоңырқай түс болды, сол қантпен қайнатқаннан. Әйтпесе, ол мөп-мөлдір болуы керек сары өрік, – дейді Ақсу ауданының тұрғыны Раушан Сазанбаева.
– Ақсу қант зауытынан қант алғанбыз. Содан кампот қайнаттым. Сол компатты қайнатқан кезде қаншама қоқым шықты. Қайнаған күннің өзінде де астында тұнбалары тұнып тұр. Ақ қант беріп, қара қантын өздеріне алсын. Қара халықты алдап, білмеймін енді. Қашан атылады екен деп тұрмыз. Қыстық азығымыз ғой, – деп қосты Ақсу ауданының тұрғыны Нұргүл Саябаева.
Ал, талдықорғандық Сейітқазиновтар отбасы қаладағы супермаркеттердің бірінен бір емес, 5 мөшек қант сатып алған. Енді сол құмшекерді амалсыз електен өткізіп тұтынуға мәжбүр. Оның өзінде қоқымы кетпейді екен.
– Бір мөшегін он мың бес жүзден алдық. Сыртында "Ақсу қанты" ақ қант деп жазылып тұр. Бірақ, ашқан кезде қара қант боп шықты. Бес мөшектің екеуін қолдандық. Үшеуі тұр. Бірақ та, бізге айырбастамаймыз, - деді. Сондай қант, ақ қант сатқанбыз, біз ондай сатуымыз мүмкін емес, – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Венера Сейітқазинова.
Елді әбігерге салған бұл мәселе жайлы "Ақсу қант" зауыты басшылығынан сұрап білдік. Айтуларынша, бұл 3-ші сұрыпты қант екен. Өз бабына, яғни, кондициясына келтірілмеген өнім. Ол жалпы нарықта сатылмауы керек.
– Қант зауытының сезоны басталған кезде және аяқталған кезде кондициялық емес қант шығарылады. ТС-3 деп аталады. ТС-3-ті біз омарташыларға сатамыз. Бұндай жағдайдың болып тұрғаны алып-сатарлардың кесірінен деп ойлаймыз. ТС-3 қантын білмей алған халық, алған жеріне барып, чекпен таза қантқа ауыстыруға талап етуіне болады. Ал, енді, ірі көлемде алған алып-сатарлар зауытқа келіп, накладноймен мәселесін шешуге болады, – деді қант зауытының техникалық директоры Жандос Баймұхамбет.
Алыпсатарлардың кесірінен аузы күйген зауыт басшылары енді жаңа маусымда қаптардың сыртына ТС-3 деген белгі салмақ. Сондықтан, келер жылы қант алар кезде заттаңбасына назар аударған жөн, дейді. Айта кетейік, үшінші сұрапты қантты омарташылар бал арасына береді екен.