Қазақстанда цифрлық телехабар таратумен қамту деңгейі 86%-дан асты

Аналогтық телехабар тарату жүйесі өткен шақта қалады.

Телерадио хабар тарату саласындағы ұлттық оператор "Қазтелерадио" АҚ Алматы қаласы және Алматы облысында 87 цифрлық радиотелевизиялық станцияны қолданысқа енгізді, деп хабарлайды zakon.kz.

Елдімекендерді цифрлық эфирлік телехабар таратумен қамту 99,71% құрайды. Яғни, 2 миллионға жуық қазақстандыққа тегін, сапалы ТВ қолжетімді деген сөз.

Қазақстандағы ең биік "Көк төбе" телемұнарасы цифрлық телехабар тарату желісінің орталығы атанды. Онда радиожиіліктерді босатуға және арналардың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар орнатылған. Бұрын аналогтық хабар тарату үшін белгілі бір жиілікке лицензия алу қажет болатын. Digital-технологияның пайда болуымен бұл қажеттілік жойылды.

Цифрлық эфирлік хабар таратудың басты артықшылығы – бұл дыбыс пен бейненің жоғары сапасы, абоненттік төлемақы жоқ болғандықтан оны алматылықтар тегін алады. Телекөрермендер қабылдағыш пен дециметрлік антенна сатып алып, көгілдір экранды жоғары сапады тамашалай алады. Бүгінгі таңда пайдаланушыларға бірінші мультиплекстің шамамен 15 арнасы қолжетімді. "Qazaqstan", "Хабар", "Хабар24", "Balapan", "Ел арна", "Qazsport", "Kazakh TV", "Первый канал" сияқты ірі отандық және т.б. телеарналар бірыңғай цифрлық топтамаға енеді.

Цифрлық хабар тарату телеарналар санын арттырып, тұтынылатын қуат көлемін әлдеқайда төмендетеді. Егер аналогтық желіде бір жиілікте бір ғана телеарнаның сигналы таратылса, цифрлық форматқа көшкен соң бір жиілікте SD-форматтағы цифрлық 15 телеарна сыйып кетеді.

Бүгінде республика бойынша цифрлық эфирлік телехабар таратумен қамту деңгейі 86%-дан асып отыр. Қазақстанда аналогтық хабар тарату 2022 жылы өз қызметін толығымен тоқтатады деп жоспарлануда. Нәтижесінде цифрлық телевизия ел халқының 95%-ын қамтитын болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: