Орыстілді баспасөз жұдырыққа, қазақтілді баспасөз алақанға ұқсайды

Тәуелсіз БАҚ-тағы жағдай осы.

Біздегі мемлекеттік емес БАҚқа қатысты бірер сөз жазыпты желіде Jomart Aıtqazy деген қазақ.

Оның пайымдауынша, елдегі орыстілді баспасөз жұдырыққа, қазақтілді баспасөз алақанға ұқсайды.

Орыстілді баспасөз жұдырық дейтінім:

1. Дереккөз ретінде шығады (статистикасыз да көрінеді);
2. Дереккөз болған соң оған сілтеме көп жасалады;
3. Дереккөз болған соң оқырман көп, қаралым көп, трафик жоғары;
4. Трафик болған соң жарнама берушілер көп, ақша көбірек түседі;
5. Өз ақшасы өзінде болған соң, өзгеден тәуелсіз(деу), қоғам назарын өзіне аударта алады, санасу керек құрылым, топтарды санастыра алады.

Енді осының әр қайсысы үшін бір саусағыңыздан жұмсаңыз ЖҰДЫРЫҚ бола ма?! Болады!

Ал қазақтілді мемлекеттік емес баспасөзге келсек, керісінше, жұдырықты жұмып қойып, әр мәселеде бір саусағымызды ашып отырайық:

1. Дереккөз ретінде шықпайды (статистикасыз да көрінеді);
2. Дереккөз болмаған соң оған сілтеме көп жасалмайды;
3. Дереккөз болмаған соң оқырман аз, қаралым аз, трафик төмен;
4. Трафик болмаған соң жарнама берушілер жоқ, табыс жоқ;
5. Табыссыз болған соң, кім тиын берсе соның сойылын соғуға әзір, тәуелді.

Қолыңызда ашылмаған саусақ қалмаса АЛАҚАН жайылған шығар?! Сол "АЛАҚАНДЫ" құрылтайшы әкім-қара, министрлерге ала жүгіреді. Олар қолын қайтарса бітті, ішкі саясаттан тиын-тебен алғанша төпештейді. Ал тиын түскен соң керісінше мақтауға көшеді.

Қой деген материалды қояды, ал дегенін алады. Тәуелсіз БАҚ-тағы жағдай осы. Ал сіздер мемлекеттік БАҚ анау-мынау деп шуылдап жүрсіздер.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: