23 қыркүйекте "Рухани жаңғыру" бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Нұрлан Күнтуовтың төрағалығымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында арнайы жобаларды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдармен жобалардың орындалуы туралы кеңес өтті. Кеңеске өңірлік жобалық кеңселер мен ішкі саясат басқармаларының басшылары қатысты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жаңа арнайы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелер талқыланып, ұсыныстар жарияланды.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында 13 арнайы жоба бекітілді. Әлемде орын алған пандемия жағдайына байланысты биылғы жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасына 4 жаңа арнайы жоба қосылды. ("Үнем – қоғам қуаты", Дәстүр мен ғұрып", "Еңбек елдің мұраты" және "Құқықтық мәдениет").
"Үнем – қоғам қуаты" арнайы жобасы негізінде Қазақстан жастары арасында биік талғамды қалыптастыруға, қоғамдық мінез-құлық нормаларын дамытуға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған біршама іс-шараларды өткізу жоспарланған.
Сонымен бірге ұмыт болып бара жатқан, алайда ізгілік пен тәрбие құндылығы жағынан қазіргі заманда да өзекті болып отырған дәстүр мен тарихи жәдігерлерді қайта жандандыруға бағытталған "Дәстүр мен ғұрып" жобасы басталып отыр.
"Құқықтық мәдениет" жобасының негізгі қағидаттарының бірі – бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру жолында құқықтық мәдениеті толысқан қоғам құру. Бұл мақсатта "Рухани жаңғыру" бағдарламасы негізінде бірқатар іс-шаралар кешені ұйымдастырылады.
Жаңа бірегей жобалардың қатарында "Еңбек – елдің мұраты" арнайы жобасы да бар. Жобаның мақсаты - қазіргі ұрпаққа қажырлы еңбектің арқасында өз кәсібі саласында табысқа жеткен адамдардың жетістігін барынша насихаттау, жастарға кәсіптік бағдар беру.
Әр жобаға жеке концепция жасалған. Бұл жобалардың барлығының басты идеясы – тұлғаны тәрбиелеу мен қоғамда биік талғам қалыптастыру.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қазіргі уақытта іс-шаралар онлайн форматта өткізілуде. Талқылау қорытындысында бағдарламаны жетілдіру және одан әрі тиімді іске асыру бойынша нақты бағыттар мен жаңа тәсілдер қарастырылды.