Өскеменде балалар алаңы заңсыз сатылып кетті

Тұрғындар құрылысты тоқтатып, өздеріне тиесілі жердің қайтарылуын талап етуде.

Өскеменде балалар ойнайтын алаң заңсыз сатылып кеткен. Қазір ол аумақта көпқабатты ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпкер бастапқыда ол жерге "балабақша салынады" деп сендірген. Алайда кейіннен көпқабатты нысан тұрғызатын болып шешіпті. Шағын аудан тұрғындары болса, аумақтың заңсыз сатылып кеткеніне сенімді. Енді олар құрылыс жұмыстарын тоқтатып, өздеріне тиесілі жердің қайтарылуын талап етуде, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Өскемендіктердің көзіне күйік болған көпқабатты нысан осы. Құрылыстың іргетасы қаланып жатқанда-ақ тұрғындар әлденеден сезіктенген. Бірақ, «балабақша салудамыз» деген соң, көпшілік көнгенге ұқсайды. Алайда әлгі бақшасы уақыт өте бірнеше қабатты белгісіз нысанға айналып шыға келді.

Любовь Давчиникова, қала тұрғыны:

"Бұл ғимарат заңсыз соғылған. Шағын ауданның тұрғындары бұл жерде балабақша ашылсын деп сұрадық. Қанша күресіп келе жатырмыз, бірақ еш нәтиже жоқ. Жердің заңсыз сатылып кеткені тағы бар".

Аумақтың шаңға бөгіп жатқанына біраз болды. Тұрғын үйге жапсарлас орналасқандықтан, жүріс-тұрысқа да әжептеуір кедергі. Кәсіпкер жер учаскесін сатып алғанда "мақсатты пайдаланамын" деп келісімге отырған. Бірақ, қалталы азаматтың сөзі мен ісі қабыспай тұр.

Георгий Лебедев, кәсіпкер:

"Балабақша да салынады. Бірақ тап қазір емес, бірнеше жылдан соң. Мұнда хоккей алаңы болды, ол қаңырап бос қалды. Автотұрақ жасамақ едік, бірақ сіздерде көлік тұрағы болғандықтан, біз балабақша саламыз деп шештік. Егер біреу осы алаңға 50-100 миллион инвестиция салғысы келсе, онда мен бұл жерді тегін беремін".

Заң бойынша, тұрғын үй айналасындағы аумақ мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Қалалық заңгерлер енді Үкіметтің мүлкі қалайша жекеге өтіп кеткеніне көз жеткізбек. Ал бас сәулетші болса, құжаттарды рәсімдеу кезінде қателік кетуі мүмкін екенін айтады.

Мұратхан Сағатов, қаланың бас сәулетшісі:

"Мен біреудің қателігі үшін жауап бергім келмейді. Тек өз тарапымнан бұл жерге тұрғын үй салынбайтынын айтқым келеді. Ол жағы міндетті түрде мен жауапты бөліммен алдын ала келісіледі. Қоғамдық тыңдаулар өтеді. Онсыз бір де-бір құжатқа қол қоймаймын. Уәдемде тұрмасам, басымды кесіп беруге дайынмын. Бұл жерде құрылыс болмайды деп кепілдік беремін. Кәсіпкерге айырбас ретінде басқа жер ұсынамыз".

Тұрғындар мен қоғам белсенділерінің наразылығынан соң қала әкімдігінің өкілі келіп, кәсіпкердің есебінен балалар алаңқайы салынатына сөз берді.

Елдар Төлеубеков, қала әкімінің орынбасары:

"ҚР Құқықтық актілеріне байланысты халықтың осы біздің қалалық әкімшіліктің алдына қойып отырған мақсатына бірге жетеміз деп, осы халықтың мұқтаждығын орындап береміз деп сол үшін жаңа шешімге келдік".

Шешімге келгенімен, қуырдақтың көкесі енді басталатын секілді. Себебі жердің жекеменшікке заңсыз өтіп кеткенін қалалық прокуратура растап отыр. Құзырлы орган әкімдікке қарасты жер қатынастары бөлімі мен келісімшартта есімдері жазылған бірқатар лауазымды тұлғаны сотқа сүйремек.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: