Осы жылдың 16 қазанында Атырау қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөліміне "DPD Казахстан" жеке фирмасының өкілі шағымданып келді. Ол сақшылардан Атырау қаласы әуежайының аумағында 4 ұялы телефон ұрлаған белгісіз тұлғаларға қатысты тиісті шара қолдануды сұрады, деп хабарлайды zakon.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәбірленуші ұялы телефондардың жоғалғанын "Алматы – Атырау" бағытындағы әуе рейсімен Атырау қаласына ұшып келген кезде байқаған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Алибаев хабарлады.
Оның айтуынша, Желілік полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Атырау қаласының әуежайында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 1991 және 1996 жылдары туған екі ер адамды анықтап, ұстаған.
Ұсталғандардың әуежайдың жүк тиеушілері екендігі анықталды. Олар пошта багажынан "IPhone-11" маркалы телефонның төрт данасын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгеден асады.
Заттай дәлелдемелер тәркіленіп алынды. Құқықбұзушылар өз кінәларын мойындады.
"Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы, яғни ұрлық фактісімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - деп атап өтті Н. Алибаев.
"Көлік полицейлері жүктердің сақталуын өздері қамтамасыз етулері тиіс әуе ұйымдарының қызметкерлері жасаған ұрлық фактілерінің жолын кесуде. Мәселен, осы жылдың 9 айында Департаменттің қызмет көрсету аумағында ұялы телефон ұрлығына байланысты 90-нан астам факті тіркелген. Қылмыстың ашылуы 80,5%-ды құрады", - дейді полиция полковнигі.