Ұлттық банк Мәжіліс депутаттарының несие пайызын төмендетуге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Адамдарға сенім аз болғандықтан да Қазақстанда несие сыйақы мөлшерлемесін төмендету мүмкін емес. Депутаттар сауалына Орталық банк басшысы берген жауабы осыған саяды.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Басқа елдермен салыстырғанда, елімізде берілген несиелерді қайтармау қаупі әлдеқайда жоғары. Мұның бірнеше себебі бар. Несие тәртібі төмен, қарыз алушылардың борыштық жүктемесі жоғары, меншікті капиталы жеткіліксіз, кәсіпорындар арасындағы инвестициялардың өтімділігі мен кірістілігі сияқты факторлар да бар. Сондықтан отандық қарыз алушылардың несиелік тәуекелі банк арынша жоғары пайыздық мөлшерлемелерде көрініс табады.
Пайыздың жоғары болуына тағы бір себеп: депозиттерге кері әсер етеді. Базалық мөлшерлеме төмендесе, депозиттерге түсім азаяды. Демек банкте ешкім теңгемен ақша сақтағысы келмей қалады. Сондай-ақ, пайыздық мөлшерлемені 7-8 пайызға төмендетсе, банктердің тәуекелін ақтамайды дейді бас банктегілер. Қарапайым тілмен айтқанда, қаржылық ұйымдар нар тәуекелге барғысы келмейді. Сол себепті, қарызын жылдам өндіріп алу үшін пайызды мейлінше жоғары қояды.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, несие ресурстарының құнын басқа жолмен төмендету керек. Ол үшін компаниялардың түсініксіз құрылымы, бизнес жүргізудің қолайсыздығы, мемлекеттің экономикадағы жоғары үлесі, фискалдық тәртіптің төмендігі сынды жүйелі мәселелерді шешу керек дейді.
Өткен айдың соңында Мәжіліс депутаттары ипотекалық және тұтынушылық несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін 7-8 пайыз деңгейіне түсіру керектігі туралы мәселе көтерген еді. Олардың айтуынша, қазір банктер жұртқа несиені 20 пайызбен беріп жатыр.