Шығыс Қазақстанда облыс прокурорының төрағалығымен Zoom режимінде ШҚО Эксперттік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Оған кәсіпкерлер Палатасының, уәкілетті органдардың және бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында облыстағы мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің өтініштерін қарау кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне, сондай-ақ бір тарапы бизнес субъектілері болған азаматтық істерге жүргізілген талдау қорытындылары баяндалды.
Негізгі мақсат - кәсіпкерлердің құқықтарын қозғайтын және оларға нұқсан келтіретін жүйелі проблемаларды анықтау.
Соңғы екі жылда прокуратураға 1 мыңнан астам өтініш келіп түскен, олардың жартысы мәні бойынша шешілді. Шағымдардың көпшілігі мемлекеттік сатып алу саласына, жер және салық заңнамасына қатысты. Сондай-ақ, бизнесмендер сотқа дейінгі өндірісті тоқтату туралы шешімдерді және полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерін даулаған.
Прокуратура қызметкерлер соңғы екі жылда барлық мемлекеттік органдарға тікелей келіп түскен өтініштерді де мұқият зерделеді. Бұл 12 мыңнан астам шағым. Есептік мәліметтердің экспресс-талдауы кәсіпкерлер үшін де, жалпы аумақ үшін де аса өзекті болып табылатын салаларды анықтады. Негізінен өтініштер жергілікті атқарушы органдарға, ішкі мемлекеттік аудит Департаментіне, мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік Басқармаларына келіп түскен.
Бұдан басқа, екі жыл ішінде бизнесмендер соттарға мемлекеттік органдардың әрекеттеріне 246 талап-арыз беріп, әрбір бесінші іс кәсіпкерлердің пайдасына шешілген.
Талдау қорытындысын тыңдап, облыс прокуроры Эксперттік кеңес жанынан құрылған жұмыс тобының мүшелеріне басталып кеткен жұмысты жалғастыруды тапсырды. Уәкілетті мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлердің қатысуымен өзекті мәселелердің әрбір блогын, оның ішінде азаматтық істерден туындайтын мәселелерді дәйектеп, олар бойынша қабылданған шаралардың толықтығын талдауы да тапсырылды.
Бұдан әрі отырыс барысында облыстың бірқатар елді мекендерінде Бас жоспарлар мен нақты жоспарлау Жобаларының жоқтығы туралы мәселе көтерілді. Белгілі болғандай, құрылыс, сәулет және қала құрылысы Басқармасы ең перспективалы және дамып жатқан 44 елді мекендер үшін құжаттама тапсырысшысы болуға шешім қабылдаған. Бюджеттік өтінім қалыптастырылған. Қаражат бөлуді, конкурстық рәсімдерді, жобаларды әзірлеу мен бекітуді ескеріп, жұмыстар келесі жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда.
Комендантка өзенінің арнасына қатысты жағдай да талқыланды. Қала әкімдігі Өскемен қаласының жаңа Бас жоспарындағы қайта құру және көріктендіру бойынша бұрын орындалған барлық жұмыстарды ескерген. Енді бұл аумақ ортақ пайдаланылатын жасыл желектерге жатқызылатын болады. Қазіргі уақытта Жоспар Қазақстан Республикасының Үкіметінде бекітілуде.
Отырыстың соңында облыс прокуроры Эксперттік кеңес қатысушыларының алдында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шеңберінде одан әрі жұмыстарды орындау жөнінде нақты міндеттер мен ұсынымдарды атап өтті.