Биыл спорт саласына бюджеттен 160 млрд теңге бөлінген. Оның 55 миллиарды отандық кәсіби клубтарды қаржыландыруға жұмсалған. Бірақ, нәтиже жоқ. Халықаралық ареналарда жерлестеріміз құр қол қайтып жүр. Ақшаның желге ұшқанына шүйліккен депуттаттар салаға жауапты министр Ақтоты Райымқұлованы сұрақтың астына алды. Осы ретте мемлекет басшысының өзі бюджеттен бөлінетін қаржы қысқартылғанын талап еткен. Тапсырма қалай орындалып жатыр?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Биылғы жыл отандық футбол сүйер қауым үшін күтпеген жаңалықпен басталды. Осы уақытқа дейін толығымен жергілікті бюджеттен қаржыландырылып келген Павлодарлық "Ертіс" клубы банкрот болды. Ойыншылар алдында миллиондаған теңге қарызға батқан команда басшылығы да тығырықтан шығатын жол іздеді. Бірақ, еліміздің 5 дүркін чемпионы келмеске кетті. Ал, мәжіліс депутаттары бұған дейін өз бюджетіндегі қаржысын жасырып, мемлекеттен қанша ақша алып жүргенін жасырып жүрген спорт клубтарын сынға алып, жауапты министрді сұрақтың астына алды.
Ольга Шишигина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Президент соңғы жолдауында мемлекеттен кәсіби спорт клубатарына бөлінетін қаржыны қысқартып орнына бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытатын мектептерге басымдылық берілсін деген еді. Сіз басқарып отырған министрлік осы тапсырма бойынша қандай жұмыстар атқарды?
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Жалпы, елімізде 98 кәсіби спорт клубы бар. Олар жергілікті атқарушы органдар есебінен қаржыландырылады. Кейбірі демеушілерден ақша алады, яғни, ұлттық компаниялар мен жеке кәсіпкерлер ақша бөледі. Сонымен қатар, спортшылар мен жаттықтырушылардың, клубта жұмыс істейтін өзге де қызметкерлердің жалақысы бойынша бірыңғай тариф бекітуді ұсындық. Қазір спорт клубтарын қаржыландыруға жыл сайын 55,5 млрд теңге қаражат кетеді.
Бірақ, бұл нақты сандар екеніне күмән келтірген мәжіліс спикері, Ақтоты Райымқұлованы сұрақтың астына алды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Тоқтаңыз, сіз жаңа қаржы жергілікті атқарушы органдар мен демеушілерден келеді дедіңіз. "Демеуші" деп отырғаныңыз - квазимемлекеттік сектордағы компаниялар. Олай болса, олар бөлетін ақша мемлекеттікі. Сіздер квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың ақшасын "демеуші" деген сөзге астарлап қойдыңыздар. Олардың да қаражатын ашық айту керек.
Мәселе мұнымен бітпейді. Соңғы уақытта халықаралық ареналарда толық тоқырауға ұшыраған "Астана" кәсіби клубына да жыл сайын "Самұрық Қазынадан" 27 млрд теңге бөлінеді екен. Оның ішінде "Астана" велокомандасы, баскетбол клубы және мотоспорт ұжымы бар. Соңғысының мүшесі "Дакар-2012" ралли-рейдінің қола жүлдегері Артур Ардавичуске клуб қаржысынан 2 млрд теңге жымқырды деген айып тағылып, халықаралық іздеуде жүр. Ал, отандық сарапшылар бюджеттен спорт ұжымдарына бір тиын да қаржы бөлмеу керек, - дейді.
Бек Төлеуов, спорт сарапшысы:
Бюджеттен әзірге 1 млрд теңгеден астам қаржы бермеу керек. Осындай футбол клубтарына баста үш жылға дейін осылай бөлсе, одан кейін мүлде тоқтату керек деп ойлаймын. Шетелдік легионерлерге мүлдем мемлекет қаржысынан ақша төлемеу керек.
Шетелдік легионерлер демекші мансабы аяқталуға жақындаған спортшылар, елімізде бір-екі маусым доп теуіп қалтасын қампайтып кетуге құмар. Мәселен бұған дейін, ресейлік футболшы Андрей Аршавин алматылық "Қайрат" сапында екі жыл ойнап 2 млрд теңге табыс тауып, біраз жылға жететін қаржы жинап кетті. Ал, спорт мамандары бюджетке телміріп отыратын клубтарға демеуші тарту қажет, - дейді. Бірақ, қалталылар ел спортына ақша құюға құлықты емес.
Бек Төлеуов, спорт сарапшысы:
Қазақстанда әзірге ондай бизнесмендер ешқандай тұлғалар спортты қаржыландыруға мүдделі емес. Оларға заң бойынша нақты жағдайлар жасалмаған. Кәсіпкерлерді біз ынталандыруымыз керек. Мотивация беруміз керек. Салықтық жеңілдіктер жасау. Олар сол кезде спортқа ақша құяды. Сол арқылы табыс табуына болады.
Келесі кезекте "Барыс" хоккей клубы. Құрлықтық хоккей лигасында ала-құла өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміздің негізгі құрам ойыншыларының барлығы шетелдік спортшылардан құралған. Бірақ, "Барыс" халықаралық аренадағы еліміздің бренді. Ол клубты қаржыландыру артпаса, кемімейтіні анық. Себебі, ұжымды алпауыт компаниялар демеушілік етіп келеді. Ал, клубтың капитаны, қазақстандық төлқұжаты бар канадалық Даррен Диц жылына 430 млн теңге табыс табады екен. Бұл жөнінде "Спорт-Экспресс" порталының тілшісі жазды.
Ермұхамед Мәулен, спорт комментаторы:
Бай, қаржысы көп клубтарымыз биылғы чемпионатта өте нашар ойнады. Оның басты себебі футболға бөлінген қаржының барлығы бір жылдық игерілетін қаржы ағымдағы бюджетке ғана бөлінеді да, содан кейін жоқ болып кетеді. Клубтардың даму бағыты дұрыс қарастырылмаған. Яғни, соны дұрыс бағытқа қойылғанда қаржы дұрыс жұмсалар еді.
Есіл ақшаның қайтарымы болса жақсы. Өкінішке қарай, биыл спортшылар үмітті ақтаған жоқ. Жыл сайын кәрі құрлықтың додасында тәуір доп теуіп жүрген "Астана" футбол клубы іріктеуден аса алмаса, "Қайрат", "Барыс" сынды ұжымдар да жоғары жетістікке жетер емес. Айта кетейін, келесі жылы бюджеттен спорт командаларына бөлінетін қаржы көлемі екі есеге қысқарып, ол ақшаны бұқаралық спортты дамытуға жұмсау көзделіп отыр екен.