Тақауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен "MUFTYAT" баспасынан Әбу Мансұр Имам әл-Матуридидің "Таухид кітабы" жарыққа шықты.
Сөз жоқ, бұл Қазақстан мұсылмандары үшін "Алла-Һайлап", бір-бірінен сүйінші сұрап, бөрікті аспанға ататын қуаныш. Олай дейтін себебіміз, біз жат діни ағым өкілдеріне: "Әһлі-сүннет ақидасын Имам Әшғари мен Имам Матуридидің еңбектері арқылы толық түсініп білуге болады" деп айтқанымызбен, аталған ғұламалардың шығармалары қазақ тіліне тәржімаланбағандықтан, нақты мәтіндік дәлел көрсетуде күмілжіп қаламыз. Енді, осы олқылықтың орын басар туындының қазақ тілінде жарыққа көргеніне дән риза болып отырмыз әрі бұл тәржіманың теологиялық оңалту жұмысына таптырмас құрал болатынына бек сенімдіміз.
Тарих қабаттарына назар салған болсақ, IX-Х ғасырлардың орта шенінде Хақ сенімді жүйелі түрде түсіндіретін діни мектептердің тарих сахнасына шығуына байланысты жәбари-жаһмийа, қадарийа, муржийа, муғтазила, мушәбиха-мужәссим секілді адасқан ағымдардың дәуірі аяқталған болатын. Шынтуайтында, әлейім жұрттың кенезесі кепкен рухани қажеттілігінің орнын Имам Әшғари мен Имам Матуриди толтырып берген еді. Ал, аталған екі тұлғаның бірі – Имам Матуриди негізін салған әһлі-сүннет ақида мектебін Имам Ағзам мәзһабындағы мұсылмандар ұстанады. Сол себепті де, Орталық Азия мұсылмандары үшін Имам Матуридидың аты – қастерлі есім десем асыра айтқандық емес.
Әбу Мансұр ибн Мұхаммед әл-Ханафи ас-Самарқанди әл-Матуриди (870-944) Самарқанд маңындағы Матурид елдімекенінде 870 жылы дүниеге келді. Бала күнінен дінге деген қызығушылығы жоғары болған әл-Матуриди жасөспірім шағында фиқһ ілімін Самарқан қаласындағы "Жузжанийа" және "Йәдийа" ханафи мектептерінін үйреніп, сол дәуірдегі Мәураннахрдағы иір бұтақты ұлы ғұламалардан дәріс алады. Жастайынан ол кәлам мен фиқһ ілімінде Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолын ұстанды. Әрі кейін өзі осы мектептің Мәураннахрда қанат жаюйына өлшеусіз үлес қосты.
Имам Матуриди өмір сүрген кезеңде Мәураннахр өңірі діни пікірталастың қайнаған ортасы болатын. Муғтазалиа мен Шиғаның ғулат (Рафизи, Қайсани-Мубайди, Исмайли, Кармати) топтары, ескі мәжусилік діни ағымдар мен нәсранилер және антика филсофиясын ұстанушы топтар осы кеңістікте қатар өмір сүрді. Десе де, Самани (819-999) мемлекетінің Әбу Ханифа мәзһабын мемлекеттік тұрғыда қолдауы, сондай-ақ, өңірде Имам Ағзам Әбу Ханифа ізбасарлары шоғырының бой көрсетуі, аталған мәзһабтың басымдыққа ие болуына негіз болды.
Жалпы, халифа Харун-Рашид Имам Ағзамның бел шәкірті Мұхаммед Хасан аш-Шайбаниді (749-805) де Қорасандағы Рай қаласына қазы етіп тағайындауы, оның Мәреннахрға көрші Қорасанға келіп, осында шәкірттер тәрбиелеуі, Ханафи мәзһабының Орталық Азияға таралуына өз септігін тигізді. Атап айтар болсақ, Мұхаммед аш-Шайбанидің шәкірттері Әбу Сүлеймен Жузжаний (815 қ.б) мен Әбу Хафс Кабир (767-831) Ханафи мәзһабын Мәуреннахрға таратты. VIII ғасырдың аяғы мен ІХ ғасырда Мәуреннахр қалаларында негізінен Ханафи фиқһ ғұламалары қазылық қызмет атқарды. Алғашқада Нұһ ибн Әбу Мәрием (789 қ.б) Мервті, Әбу Мути Балхий (814 қ.б) Балхты Ханафи мәзһабының орталығы қылса, Әбу Хафс Кабир (767-831) және оның ұлы Әбу хафс ас-Сағири (877 қ.б) Бұқара қаласын Ханафи мәзһабының ордасы етті. Әбу Хафс ас-Сағири Қорасан әміршісі кейін Самани билеушісі болған Исмайыл бин Ахметтен қолдау көріп, Бұқараны Мәуреннахрдағы Ханафи мәзһабының орталығы еткен еді.
Имам Ағзам Әбу Ханифа өмірінің негізгі бөлігін фиқһ мәселелеріне арнағанмен, кәлам іліміне қатысты да трактаттар жазған болатын. Олар – "әл-Фиқһул-әкбар", "әл-Фиқһул-әбсат", "әл-Алим уәл-мутааллим", "әл-Уәсия", "Мужәдәлә ли әхәдид-Дәхриин" секілді шығармалар еді. Әйткенмен, олар қысқа-нұсқа жазылған мәтіндер болғандықтан, қосымша түсіндірмелерді (шарх) қажет ететін. Имам Матуриди осы қажеттіліктің орнын толтыруда аянбай еңбектенді. Оның Китбут-Таухид" және "Тәуилатул Құран" шығармалары негізінен осы бағытта жазылған еді.
Имам Матуридидің кәлам іліміндегі силсиласы төмендегіше өріледі: Әбу Мансұр әл-Матуриди кәлам ілімін ұстаздары – Әбу Насыр Ахмад ибн Аббас әл-Байади, Ахмад ибн Ысқақ әл-Жүржани, Насыр ибн Яхия әл-Балхиден үйренген. Олар – Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүржаниден, ол – Мұхаммед ибн әш-Шайбаниден, ол – Имам Әбу Юсуфтен, ал, ол болса, Әбу Ханифаның тағылымын алған болатын.
Имам Матуриди ержетіп, медреселерде білім алып, жан-жақты толысқан шағында өзі де фиқһ пен кәлам ілімінен дәріс берді. Бірақ, әл-Матуриди фиқһ ілімін жетік білгенімен, ол қажыр-қайратын кәлам іліміндегі мәселелерді шешуге арнады. Себебі, сол дәуірде Мәураннахрда ғана емес, исі бүтін ислам әлемінде ақида тақырыбы күн тәртібінде тұрған еді. Имам Матуриди кәлам ілімінің күйіп тұрған тақырыптарының түйінін ағытуға көп күш жұмсады. Әсіресе, Алла-Тағаланың заты мен есім сипаттарын талдауға көбірек көңіл бөлді.
Имам Матуриди кәламдық мәселелерді талдау барысында ақылды мейлінше оңтайлы құрал ретінде пайдаланды. Ақылды қолдануда муғтазилалар секілді астамшылдыққа ұрынбастан, мантықты (логика) лайықты қолдануға ұмтылды. Әһлі-сүннет сенімінің бір қанаты Имам Әшғари насқа (Құран мен Сүннет) көбірек арқа сүйесе, Имам Матуриди ақылды нақылдан (Құран мен Сүннет) жоғары қоймаса да, оны настың көмекші құралы ретінде бағалады. Алайда, Имам Матуриди ақылды қолдануы шариғат шеңберінің аясында өрбіді. Ол "Китабут-тәуһидте: "Ақылды терістеушілік шайтанның азғыруына жатады. Себебі, ақылды теріске шығарушы одан басқа неге жүгіне алады. Бұл біздің ақылға деген мұқтаждығымыздың дәлелі бола алады. Алла тағала құлдарын ақылмен әрекет етуге шақырады. Ақиқатты ақылмен іздеуге әмір етіп, одан ғибрат алуды ұсынады. Бұл ақылдың негізгі қайнар-көздердің бірі екендігіне дәлел" – деген болатын.
Имам Матуридидің дәуірінде өзекті мәселелердің біріне айналған – Құран-Кәрімнің мүтәшаббих аяттарын қалай түсінеміз деген тақырып еді. Дүбәра сенімдегі базбір діни топ өкілдері өздерінің ескі дүниетанымынан арыла алмағандықтан, "Йәдуллаһ", "уәжхуаллаһ", "аршы", "истәуа" және т.б. мағынасы құпия аяттарды тікелей қабылдауының нәтижесінде Ұлы Жаратушы мен мақұлхатқа тәшбих (ұқсату) жасаған болатын Тіпті, олар Хақ-Тағалаға жисм (дене) беруден тартынбады. Ал, Имам Матуриди Алланың заты мен сипатына ақылмен мағына беруге ада-күде қарсы тұрды. Ол: "Кімде-кім құпия ілімді (мутәшаббих) кемшілігі бар ақылмен анықтағысы келсе, онда ол адам ақылға оның көтере алмайтын жүгін артқан, яғни, зұлымдық жасаған болады" – деп, мүтәшаббих аяттардан ақылмен мән-мағына шығарудан бас тартты.
Әйтсе де, Имам Матуриди Құран-Кәрімдегі мүтәшаббих аяттарды түсіну мәселесінде "тәуил" (жорамал) әдіснамасын ортаға қойды. Сәлаф-солихиндер (сахаба, табиғин, таба-табиғин) асқан тақуа үмбет болғандықтан, олар мүтәшаббих аяттарға "тафуид" (қалай келсе, солай өткізу) қағидасымен шектелді. Ал, дүбәра сенімдегілер бұл мәселеге ашық мағына беруден тартынған жоқ. Осының нәтижесінде мұсылмандардың ақидасы бұзыла бастады. Хақ сенімді қорғап қалу үшін Имам Матуриди мүтәшаббих аяттарға Құран-Кәрімдегі Алланың есім сипаттарымен жорамал (тәуил) айтуды жөн санады. Себебі, "тәуил" – мүтәшаббих аятқа кесінді мағына бермейді. Жақсы мағынадағы жорамал айтумен шектеледі. Бұл мұсылмандардың Алланың заты мен сипаттары туралы теріс ойлануының алдын ала алды.
Мысалы, Құран-Кәрімдегі: "Ол Рахман, ғаршыны истауа етті" (Таһа, 5) деген аятқа, Имам Матуриди: "Истауа" – "қамту" мағынасын береді деп жорамалдаймыз. Ғарыш – Алланың мұқым жаратылысы. Яғни, "Ол Рахман, ғаршыны истауа етті" (Таһа, 5) аяты: "Алланың үкімі барлық жаратылысты қамтиды" мағынасын береді деп ойлаймыз" – деді. Сондай-ақ, ол: "Жалпы, біз "ғаршыны истауа етті" аятына дәлме-дәл немесе нақпа-нақ мағына бере алмаймыз. Тек Хақ сенімнің шеңберінде долбар (тәуил) айтамыз" – деп, мүтәшаббих аятқа кесінді тұжырым жасаудан сақтанған болатын.
Түйін: Иә, Имам Матуриди Алланың адам баласына берген ұлы нығметі – ақылды өз потенциалына сай қолдана білгендіктен, Құран-Кәрім, жаратылыс һәм сынақ әлемінің рухани сырларына қанығудың әһлі-сүннет парадигмасына лайықты әдіснамасының негізін салды. Бұл мұсылман үмбетін ойсыздыққа ұрынудан сақтап қалды. Осы себептен де, біз Имам Матуриди ілімін ақыретке апаратын сара жолымыздың сөнбес шамшырағы, мәңгілік бақытқа кенелудің кілті ретінде бағалаймыз.
Ернұр Қанапиянов, ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының бас теологы