Біздің кейіпкеріміз Кариб теңізінің бір бұрышындағы Багам аралдарына кетіп, жуырда ғана елімізге оралған екен.
Алыстан оралған отандасымыздың есімін "Е" дейік. Ол 1993 жылы еліміздің оңтүстігінде дүниеге келген. Оның 2018 жылдың қаңтар айына дейінгі өмірі бізге беймәлім. Білетініміз, сол жылы ресейлік туристік компаниялардың бірінің көмегімен Қазақстаннан Доминикан Республикасына он күндік демалысқа аттанған. Мұхиттың арғы бетіндегі Доминиканда тоғыз күн демалып, одан әрі жеке ұшақпен Багам аралдарына заңсыз ұшып кеткен.
Кейіпкеріміздің пайымына сүйенсек, Багамға ұшқан кезінде ұшақта жарық болмаған және бір топ заңсыз мигранттармен ұшқан оларды ұшқыш тастай қараңғы әуежайға қондырған. Екі ел арасындағы шекара бекеттерін заңсыз өткендіктен паспорттарына тиісті таңбалар басылмаған. Осылайша, ол екі жылға жуық Багам аралдарында жұмыс істеп, ағылшын тілін еркін меңгерген.
Тіпті, оның заңгері Тойбек Жалғасбаевтың сөзіне сүйенсек, жойылуға жақын жергілікті үндіс тайпаларының тілін де үйреніп алған көрінеді.
Дегенмен, жаһанды асты-үстіне төңкеріп, үнемі асығыс жүретін адамзат баласын үйді-үйіне қуып тыққан 2020 жылғы пандемия қандасымыздың елге қайтуына себеп болған. Наурыз айында Багам полициясының тексеруінің нәтижесінде ұсталған "Е" үш ай қамақтан соң, Халықаралық рейстердің болмауына байланыста уақытша ұстау орталығына жайғастырылады.
Багам тарапына жолданған хатқа ауызша телефон арқылы билет мәселесі айтылған соң, ҚР СІМ тікелей араласып, Багам Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктері мен Уақытша қамау орталығына үш хат жолданған соң барып, іс орнынан қозғалады.
Нәтижесінде, шілде айында басталған шаруа желтоқсанда жалғасын тауып, Нассау – Провинденсьялес – Cанто-Доминго -Богота – Ыстамбұл – Алматы бағытында отандасымызға Багам тарапы билет алып береді.
Осы жерде аталмыш мәселені көтеріп, Отадасымыздың елге келуіне сеп болған заңгер Тойбек Жалғасбаевтың сөзіне сүйенсек, Қазақстанның Мексикадағы Елшілік қызметкерлерінің яғни қазақстандық дипломаттардың кәсібилігін атап өткен жөн.
Шым-шытырық оқиғаның тағы бір күрделі тұсы бар. Отандасымыз Багамнан Доминиканға ұшып келген соң, сол елдің де миграциялық тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылуы тиіс еді. Дегенмен, Доминикан тарапына ҚР СІМ Елшілігі тарапынан тиісті хат жолданып, бұл іске Қазақстанның Доминикандағы Құрметті консулы Т.Гонсалес тікелей араласқан соң, күрмеуі қиын мәселе шешіліп сала берген.
Құрметті консулымыз өзінің көмекшісімен миграция басшылығымен кездесу ұйымдастырып, қандасымыздың транзиттік аймақтан шықпай одан әрі ұшуын қамтамасыз етіп, оны жауапкеріліктен алып шығады. Бір күннен астам, Доминикан әуежайында қалған отандасымызды ойлаған Құрметті консулымыз байланыста болу үшін оған ұялы телефон сыйлап, жолына деп 100 доллар және 1500 песоны көмекке береді.
Осылайша, шым-шытырық оқиғаны бастан кешірген бауырымыз Багамнан елге келіп, 15 желтоқсан күні отбасымен қауышады. Қазір Алматы қаласында, анасының жанында. Климатқа бейімделіп, күнделікті тұрмыс-тіршілікке кірісіп жатыр. Дүниенің қай қиыры болмасын отандастарын бірінші орынға қоятын қазақстандық дипломаттарға дән ризашылығын білдірді бізбен сұхбат барысында.
Олжас Беркінбаев, дипломат