Құрметті әріптестер! Телеграм каналдардағы маған қатысты дүниеге түсінік беріп өтейін, деп жазды facebook-те Жарқын Түсіпбекұлы.
Біріншіден, жеке қор құруға әркімнің құқығы бар. Және ол қордың жұмысына араласқан емеспін. Екіншіден, талқыға салынып отырған жеке қордың қандай да бір қаржылық операцияға қатысы жоқ. Жақында ғана құрылды, еш жерден қаржыландырылған жоқ. Үшіншіден, болжамдар қай кезде де жасалып келген. Бұл болжамға менің де, "Elorda aqparat" компаниясының да еш қатысы жоқ.
Ішкі саясат басқармасына қарасты "Elorda aqparat" ЖШС жұмысымен және әкімдікпен жеке қордың жұмысын еш байланыстырудың қажеті жоқ. Ол зерттеуді саясиландырмауды сұраймын, - дейді ол.
Сондықтан бүгіннен бастап, ішкі саясатқа қарасты "Elorda aqparat" ЖШС директоры лауазымынан өз еркіммен кету туралы шешім қабылдадым. Қолдап жатқан достарымның бәріне рахмет айтамын!
Ал енді әлгі Телеграм каналдарда жарияланған "дүниеде" былай делінеді:
Алтай Көлгіновпен "аффилированный адамдар" (сыбайластар) Көлгіновтің кандидатурасын жаңа үкіметке жайғастыруға тырысып жатыр-мыс. Ол үшін бір сарапшылардың үкіметтегі алдағы ауыс-түйістер туралы болжамын жариялаған. "Интернет Имидж" деген қор Бауыржан Байбек премьер-министр болады, Алтай Көлгінов вице-премьер болады деген екен. Қазір ол қор өзінің сайтын жауып тастапты.
Телеграм каналдар бұл "Интернет имидж" деген қайдан шыққан қор деп қазып көрсе, ол астанаға Оралдан көшіп барған Алтын Зайнуллина дегеннің атына тіркелген жекеменшік қор екен. Ол кісі де Фейсбуктегі профилін жоқ қылып үлгерген дейді. Ең қызығы, дейді әлгі каналдар, Алтынның күйеуі Жаркын Жумадилов – ол да Оралдан шыққан адам. Кезінде облыс әкімінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы болған.
Қазір Жумадилов Elorda Aqparat ЖШС-інің басшысы. Астана әкіміне жақын бұл фирма қалалық баспасөздің бәрін дерлік қаржыландырып отыр. Компания мемлекеттік тапсырыстың ірі кесегін алады – тек ішкі саясат басқармасының өзінен 290 млн теңгеге контракт жасасқан екен.
Қысқасы, Жумадилов Көлгіновтің жақын адамы, деп шулатып жатыр Телеграм каналдар.