"Дұрыс қанаттанған түзу ұшар" демекші, ата-бабасынан адал қасиеттерді мұрагерлік етіп өскен ұрпақ қана жемқорлық сияқты дерттен өзін аулақ ұстайды.
Өкінішке қарай сыбайлас жемқорлық бүгінгі таңда да еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дерт қалпында. Сондықтан оның алдын-алу шараларын күшейту мақсатында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заңдарына мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, жемқорлықтың туындауына ықпал ететін факторларды азайту, қағазбастылықты жою мақсатында бірталай өзгерістер енгізілді.
Өткен жылдың аяқталуына санаулы күндер қалғанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойды.
Мәселен, Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, судьяларды, пара берушілерді, парақорлыққа, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға делдалдарды жазалауды қатайтатын түзетулер енгізілді.
Бұдан басқа, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігін болдырмайтын түзетулер енгізілді. Яғни, бұдан былай жемқорлық жасап әшкере болған, сот шешімімен жазасын темір торда өтіп жатқан азаматтар мерзімінен бұрын босатылмайды деген сөз.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңға Мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізіледі. Қылмыстық сот өндірісінің жарыспалылығын, ашықтығын күшейтуге бағытталған нормалар қабылданды.
Бұл ретте заң жобасында шетелдік банктердегі шоттарды иелену бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеуді енгізу тек мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін ғана көзделген.
Заңнамаға бұған дейін енгізілген басқа да өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызметшілер өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы басшылықтың назарына дереу жеткізуге, бағынысты мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, не болмаса мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған мемлекеттiк қызметшіге қызметтен өз қалауы бойынша шығуға тыйым салынады.
Саяси мемлекеттік қызметшілер, яғни орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері мен әкімдерінің орынбасарлары, аудандар мен қалалардың әкімдері сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде отставкаға шығуға сұрану керек.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін және басқару тәжірибесін тиімді пайдалану, оларды кәсіби тұрғыдан дамыту және басқару құзыреттерін жетілдіру мақсатында саяси қызметшілерді ротациялау енгізілді.
Өз кезегінде департамент мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық, парасаттылық сияқты асыл қасиеттерді, жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау үшін жоспарлы түрде түсіндіру іс-шараларын, оның ішінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен және Әдеп жөніндегі уәкілдерімен кездесулерді, Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарын ұйымдастырып отырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының тыңдаушылары үшін ұйымдастырылған онлайн-дәріс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, мемлекеттік қызметтегі тәртіп ережелері, қызметтік тәртіпті мүлтіксіз сақтау, қызметтік міндеттерін сапалы және әділ орындау, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеу сияқты мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын негізгі талаптар түсіндірілді.
Тұрақты негізде Департамент ұжымының қатысуымен аппараттық жиындар ұйымдастырылып, олардың барысында Әдеп кодексі талаптарын сақтаумен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі өзекті мәселелер қозғалады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет көрсетудің автоматтандырылуы арқасында қоғам өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы күнделікті байланыстар азайып, сыбайлас жемқорлық көріністерінің төмендегені байқалады. Жылдан-жылға электронды қызметтердің үлесі артып келеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүзеге асырады. Бұл шара жемқорлықтың туындауына ықпал етуі мүмкін себептерді алдын ала анықтап, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Жүргізілген талдаудың қорытындылары мен қабылданған шаралар жөніндегі басшылардың есептері Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында қаралып, талқыланады.
Айтылғандарды түйіндей келе, жүргізіліп жатқан іс-шаралар, жаңадан қабылданған нормалардың заңнамалық деңгейде бекітілуі мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыра түсуге ықпал етері анық демекпін.
Берген БЕСПАЛИНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы