Отставкаға кеткен шенділердің мемлекеттік қызметтерде төбе көрсетуі тоқтар емес. Бірқатар шенеунік сенім лимитін сарқыса да жылы орнын суытпай жүр. Тізімді Ғабидолла Әбдірахымов, Тамара Дүйсенова, Ерболат Досаев сынды бірқатар кадр толықтырып тұр. Мұның сыры неде?
Былайша айтқанда, билікке кіндігімен байланған шенділер жайлы жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Отставкаға кетіп, кейіннен мемлекеттік қызметке қайта оралған шенеуніктердің тізімінде Ғабидолла Әбдірахимов бірінші болып ойға оралады.
Қымбат қалада алшаң басып жүрген ақжағалының тоқмейілсігені қоғамда қызу талқыға түсіп, экс әкім көп кешікпей креслосын босатып еді. Десе де, "сенім лимитін сарқыды" деп, сынның астында қалған ол аз уақыттан соң Премьер-Министрдің кеңесшісі қызметінен көрінді. Оған қоса, күні кеше Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымы бұйырды.
Жер кодексіне қатысты жаппай митингтерден соң Ерболат Досаев Президенттен қызметтен босатуын сұраған еді. Ұлттық экономика вице министрі Қайырбек Өскенбаев та басшысының ізін ала отставкаға аттанды. Бұл 2016 жылы. Ал қазір аталған екеудің де ұпайы түгел. Досаев Ұлттық банктің тізгінде, Өскенбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі қызметінде отыр.
Серік Әбденов те сонау 2013 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде отырған тұста әйелдердің ашуына тиіп, жылы орнын босатқан. Кейіннен шенеунікті "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қанатының астына алды. Тамара Дүйсенова да қайтып келген шенеуніктер тізімін толықтырып тұр.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Кез келген шенеуніктің тәжірибесіне байланысты. Мәселен, Ғабидоллаға келетін болсақ, қазіргі таңда үлкен тәжірибесі бар деп айтуға болады. Кез-келген Мемлекеттік қызметте жүрген азамат кез-келген ісіне жауап беретіндей, үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
"Бұдан бөлек, тағы бір фактор біздегі кез келген дағдарысқа төтеп беретін біліміне тәжірибесі сай мамандардың тапшылығы", - дейді саясаттанушы.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Бердібек Сапарбаевты үлкен кризис-менеджер ретінде қарастырады. Өйткені ол кісінің жасына қарамастан, қай облысқа жібермесін, қай секторды бермесін ол өз міндетін толыққанды атқарып шығуда. Осы тәріздес біліммен қоса тәжірибесі мол азаматтардың жоқтығы бар.
Мемлекет басшысының да жастардың кадрлық резервін құру туралы бастамасының себебі осында. Айтпақшы, жуырда ғана кадрлық резервке қабылдау жасы 35-тен 40-жасқа дейін ұзарған болатын.