Өткен жылдың аяғында, яғни желтоқсан айында сот үкімі шыққан Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ісі туралы қоғамда резонанс туындап жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Арыстағы жарылысқа жиналған қаражатты жымқырған деген айып тағылып, екі орынбасарымен қоса сотты болған бұрынғы облыс әкімінің адвокаты Ләззат Кендебайқызы Ахатова сот үкімі заңсыз ешқандай ресми дәлелдерді негізге алмай, куәлардың жалған көрсетпелеріне ғана сүйеніп, біржақты шығарылғанын, Ысқақовқа жала жабылып отырғанын, ол 80 млн-ға экс-әкімнің еш қатысы жоқ екенін, істегі шикіліктер мен нақты мән-жайды өзінің Фейсбук парақшасында үзбей, жазып отыр:
Экс-әкім қазіргі кезде "сәнге" айналған Қылмыстық Кодекстің 190-шы бабының 2 бөлімінің 4 бөлігімен, яғни алаяқтық бабымен 7 жылға сотталды. 8 баланың әкесі, білікті маман, ауған соғысының ардагері, ел азаматы Қ.Ысқақов 7 жыл арқалайтындай не істеді? Кімді алдады, қандай алаяқтық жасады? 2019 жылы Арыстағы апатты апат болған аймаққа, яғни Арыс оқиғасынан зардап шеккендерге сол кездегі облыс әкімінің барлық мекемелердегі жұмыскерлердің бір күндік жалақысы аударылу керектігі туралы бұйрығы 25.06.2019 жылы шығады. 25 маусымда, яғни аталған бұйрық шыққан кезде Қ.Ысқақов облыс әкімі емес, оның орынбасары қызметінде болған. Қызылорда облысы әкімі қызметіне Қ.Ысқақов бұйрық шыққаннан кейін үш күннен соң, 28.06.2019 ж.тағайындалады. Яғни, 25 маусымда өз әріптестеріне, облыс әкімі орынбасарларына ондай тапсырма беруге өкілеттігі болмаған. Алайда облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов тергеуге, сотқа берген көрсетпесінде "Қ.Ысқақовтың тапсырмасымен облыстағы 2000-нан астам мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысы "Сыр мейрімі" қоғамдық қорына аударылды" деген. Алайда іс материалдарынан көрінгендей, бұл мәселені қозғаған, яғни жиналған ақшаны тікелей Арысқа емес, аталмыш қорға аударуды Р.Рүстемов мырзаның өзі ұсынғаны туралы жиналыс хаттамасы бар. Сонымен қатар, ол факт куәгерлердің көрсетпелерімен де қуатталады. Қылмыстық іс қозғалып, облыс әкімін орынбасарларымен қоса, 7 жылға соттауға басты негіз болған "қылмыс" осы оқиғадан арқау алып, ары қарай өрбиді.
Экс-әкімге қатысты бұл оқиға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі тарапынан "жәбірленуші" статусы берілген алдыңғы постта аталған, мемқызметкерлердің бір күндік жалақысы аударылған "Сыр мейрімі" қайрымдылық қорының директоры Абдрахимова Сапураның 2020 жылдың 26-шы наурызында тергеу жүргізген органның, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің тапсырмасымен сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қабылдауына кіруден басталады.
Әкімнің алдына диктофонмен кірген Абдрахимованың әкіммен әңгімесі түгел таспаға жазылып қалады. Ол таспа сот залында тыңдалып, дәлелдеме ретінде зерттелген. Таспадағы жазбаға сүйенсек, облыс әкімі Қ.Ысқақов С.Абдрахимованы заңгерімен бірге қабылдайды. С.Абдрахимова қорға аударылған 80 млн теңгені (бір күндік жалақы мөлшері) 20 млн-нан төрт құрылыс компаниясына құжатсыз аударғанын айтып, енді ол қаражатты салғанын қалай дәлелдейтінін айтып, "көмек" сұрай келген адамның образын ойнайды. Оның әкімді "қылмыстық торға түсіру" операциясымен келіп отырғанынан бейхабар Қ.Ысқақов мырза алдына шағымданып, "қиналып" келіп отырған Абдрахимоваға таза адамгершілік тұрғыда жанашырлық танытып, кеңес беріп отырғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Енді ол қандай құрылыс компаниялары? Соған аздап мағлұмат бере кетейін, дейді Ләззат Ахатова:
2018 жылы Түркістан облысының құрылуына байланысты тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен әр облысқа Түркістан қаласында бір нысанның құрылысын жүргізу міндеттелгені белгілі. Осыған орай, Қызылорда облысы да жаңадан құрылып жатқан көршілес облыс орталығының көркеюіне өз үлесін қосу мақсатында Түркістан қаласында "Шығыс моншасы" құрылысын бастайды. Қ.Ысқақов Абдрахимованың Арысқа жиналған ақшаны осы моншаны салып жатқан құрылыс компанияларына ешқандай құжатсыз аударып жібергеніне таң қалады. "Кім тапсырма берсе де, басыңыз екеу емес қой. Неге құжатсыз жібересіз? Құжат талап етпедіңіз бе?"-деп, шыр-пыр болады. Сонымен қатар, Абдрахимоваға заңсыз аударылған қаражат туралы құқық қорғау органдарына арыздануға кеңес береді. Айыптау актісінде, сот үкімінде айтылғандай, 80 млн-ды өзі "жеп" отырған адам органға өзінің үстінен шағым жаз дей ме? Ары таза адам ғана солай айтпай ма? Ешқандай логикаға сыймайды ғой. Өзі жеп, өзі тапсырма беріп, артынан кінәлі тұлғалардың үстінен құқық қорғау органдарына арыз түсіруге кеңес бере ме, сонда? Сотқа тәуелсіз сарапшылардың да қорытындысы ұсынылады. Аудиторлық сараптама қорытындысында 80 млн ақшаның "Сыр мейрімі" қорынан түгелімен төрт құрылыс компаниясының шоттарына аударылып, одан ары қарай, нысаналы мақсатта жұмсалғаны анық айтылған. Ақшаны ешкім шешіп алмағаны туралы дәлелдер бар. Алайда, сотталушылар тарапынан ұсынылған дәлелдемелердің бір де біреуі сотта назарға алмаған.
Іс материалдарына сәйкес, "Nur Otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ш.Әлназарова облыс әкімі аппаратының сол кездегі басшысы М.Н.Делмұхановқа Арыс қаласының әскери бөлімінде орын алған төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысы тарапынан қаржылай қолдау көрсету мақсатында облыс бойынша барлық мекеме қызметкерлерінің біркүндік жалақысын аудару туралы 25.06.2019 жылы №SQ- 1212-19/318 санды хатын жолдайды. 25.11.2020 жылы өткен сот процесінде А.Ш.Әлназарова 25 маусымда Қызылорда облысының әкімі Қ.Д.Ысқақовтың емес, оған дейінгі әкімнің болғанын және облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың тарапынан ешқандай тапсырма берілмегендігін растады. Алайда, сот процесі әділеттілік тұрғысында емес, басқаша сценарийде өрбиді.
Тергеу амалдары мен сот процесі басталған сәттен бастап, іске қатысты қай куәдан жауап алынса да, Қуанышбек Ысқақовтан ешқандай да тапсырмалардың болмағандығын мәлімдеген. Есесіне, олардың барлығы да мұндай заңсыз тапсырма бұрынғы облыстық құрылыс басқармасының басшысы М.Алсериковтен түскендігін көрсеткен. Ал М.Алсериков сот процесі аяқталамын дегенше өз еркімен қызметінен кетіп қалған. Қылмыстық іске тартылған басқа да тұлғалар тергеу және сот процесі кезінде берген жауаптарын сан мәрте өзгерткен. Мәселен, облыс әкімінің сол кездегі орынбасарлары Р.Рүстемов, М.Делмұханов, бұрынғы құрылыс басқармасының басшысы М.Алсериков, кәсіпкер Ж.Искаков болған жағдайды "белгісіз себептерге байланысты" нақты баяндаудан жалтарып, жауаптарын сан мәрте өзгерткенін іс құжаттарынан көруге болады. Қ.Ысқақов өзінің кінәсіздігін объективті дәлелдердің жиынтығымен дәлелдеген сайын, іске қатысушылар өздерінің көрсетімдерін бірден өзгертіп жіберетіндері, ал тергеу органы олардың жүйесіз және тұрақсыз көрсетімдеріне бүкіл қылмыстық істің схемасын ыңғайлап келтіріп отырғандары іс материалдарында анық көрініп тұр.
Егер "Сыр мейрімі" қоры ақшаны төрт мекемеге аударса, неліктен қор директоры С.Абдрахимова тиісті құжаттарын сұратпаған? Неліктен С.Абдрахимова қаражат құжатын іздеп, төрт мекеменің үстінен арыз түсірудің орнына іске де, қорға да мүлде қатысы жоқ әкімдік басшысының үстінен арыз түсірген? Қор директоры Абдрахимова төрт мекемеге аударған қаржының игерілуін растайтын құжаттарды жазбаша да, ауызша да сұратпағаны түсініксіз.
Қ.Ысқақовтың 80 млн-ға қатысы жоқтығы істегі барлық материалдармен дәлелденіп тұр. Біреуді кінәлі деп танып, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін бұлтартпас айғақ, нақты факт, дәлел керек. Заңнама нормаларының ең басты қағидалары осы. Сот үкімі нақты дәлелдерге сүйеніп шығарылу керек. Долбармен, жобамен, дәлелсіз адам тағдырын шешуге болмайтыны халықаралық заңдармен де, өз заңдарымызбен де тайға таңба басқандай, бекітілген. Ал іс материалдарынан көрінгендей, Қ.Ысқақовтың 80 млн-ды қорға аударту жайлы тапсырма бергені, сонымен қатар, ол ақшаны жымқырғаны жайлы бірде-бір нақты дәлелі жоқ. Тек екі-үш адамның әр тергеуде сан құбылып, өзгеріп отыратын көрсетпелеріне ғана сүйеніп, айыптау актісі жасалған, одан әрі сот үкімі шыққан. Ысқақовтың Арысқа жиналған ақшаны "Сыр Мейірімі" қорына аудару туралы тапсырма бергені туралы не бір телефондық аудиожазба, не бір ресми құжат жоқ. Онымен қатар, бірде-бір іске қатысушы, "ондай тапсырманы нақты Ысқақов берді" деп айтпаған. Сонымен қатар, ол ақшаны жымқырғаны туралы да бірде-бір ресми мәлімет жоқ.
Құқықтық, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз деп ауыз толтырып айтамыз-ау. Өзі 80 млн теңгені төрт мекемеге құжатсыз аударып алып, өз қылмысын жасыру үшін біреудің үстінен арыз берген қор басшысы мен екі-үш адамның дәлелсіз жаласына сүйеніп, анау-мынау адамдар емес, білдей бір облыстың басшысы мен екі орынбасарын 6-7 жылға соттай салу деген нонсенс емес пе?
Енді 4-ші ақпанда Қызылорда облыстық сотында Қызылорда қалалық №2 сотының 10 желтоқсанында шығарылған үкіміне берілген апелляциялық шағым қаралады.