Қазақстанның төрағалық етуімен ЕЭК кеңесінің отырысы өтті

Бұдан басқа, кеңес шешімімен электролиз әдісімен алюминий өндірісінде қолданылатын фторлы алюминийге қатысты кедендік баждың "нөлдік" мөлшерлемесі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды.

2021 жылғы 29 қаңтарда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайыловтың төрағалығымен бейнеконференция байланысы режимінде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

"Кеңестің отырысына алғаш рет Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі С. Өмірзақов бақылаушы мемлекеттің өкілі ретінде қатысты. Отырыс шеңберінде кеңес мүшелері сыртқы сауда қызметі, кедендік және техникалық реттеу және халықаралық ынтымақтастық саласындағы мәселелерді қарастырды. Атап айтқанда, өз аумақтарында таңбалауды енгізген және енгізбеген ЕАЭО елдері арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі мен қарым-қатынас жасау тәсілін белгілейтін ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жүйесінің базалық моделі бекітілді. Қабылданған шаралар бір елде міндетті таңбалау енгізілген, ал басқа елде болмаған жағдайда өзара сауда-саттық кезінде кедергілердің туындамауына мүмкіндік береді. COVID-19 таралуына байланысты карантиндік іс-шаралар енгізілген жағдайда электроника мен тұрмыстық техниканы өндірушілер мен импорттаушыларды қолдау мақсатында "Энергетикалық қауіпсіздікке қойылатын талаптар туралы" ЕАЭО техникалық регламентінің (ЕАЭО ТР 048/2019) күшіне ену мерзімі 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды", делінген primeminister.kz сайтында.

Бұдан басқа, кеңес шешімімен электролиз әдісімен алюминий өндірісінде қолданылатын фторлы алюминийге қатысты кедендік баждың "нөлдік" мөлшерлемесі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды. Бұл шара алюминий өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға және отандық өнеркәсіптік өндірісті дамытуға бағытталған.

Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша 2014 жылдың 23 желтоқсанындағы ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттар айналымының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізудің орындылығы талқыланды. Атап айтқанда, ұлттық заңнамаға сәйкес ішкі нарықта тұтыну үшін қажетті дәрілік заттарды тіркеу мүмкіндігін сақтау бөлігінде өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Естеріңізге салайық, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ЕАЭО органдарында төрағалық етеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: