13 ақпанда көлік жүргізушілеріне жүргізуші куәлігі мен көліктің техникалық құжатын өзімен бірге алып жүрмеуіне рұқсат беретін жаңа заң күшіне енеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Нұр-Сұлтан полициясы түсіндіргендей, заңға сәйкес, бұған дейін жүргізуші куәлігі мен көлік құжаттарын көрсете алмағаны үшін айыппұлмен жазаланғандар сол айыппұлды әлі төлемеген болса, әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Алайда бұл түзетулер шетелдік мемлекеттік нөмірмен, өзге мемлекеттің жүргізуші куәлігімен Қазақстанда жүрген тұлғаларға еш жеңілдік бермейді. Олар жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу куәлігін көрсетуге міндетті.
Сонымен қатар, полицейлер жүргізушінің аты-жөні сақтандыру полисінде болуы тиіс екенін ескертті.
Тексеру кезінде жүргізуші сақтандыру полисінде болмаса, ол Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 230 бабы 2 бөлігімен жауапқа тартылады (10 АЕК айыппұл, 29 170 теңге), ал автокөлік 797 бапқа сәйкес, айып тұрағына қойылады. Жүргізуші куәлігі мен тіркеу куәлігін көрсету талап етілмейтін жағдайда сақтандыру полисіндегі жазба көлік жүргізу құқығын растайтын жалғыз дәйек болып қалды, - деді ПД өкілдері.
Жаңа заң бойынша, жүргізуші куәлігін көрсетпеу үшін жеке бас куәлігі болуы шарт.
Ондай құжатқа мыналар жатады:
- төлқұжат, оның ішінде қызметтік, шетелдік және дипломатиялық;
- жеке куәлік;
- шетелдіктің тұру ықтиярхаты;
- қайту туралы куәлік, жол жүру құжаты, азаматтығы жоқ тұлғаның, босқын, теңізшінің куәлігі;
- туу туралы куәлік;
Бұл жерде туу туралы куәлік жеке куәлік пен төлқұжат алғанға дейін азаматтың жеке басын растайтын куәлік деп танылады.