Қазіргі қазақтың байлары Лондон төрінде қайтыс болып жатса да, Қазақстанда жерленгісі келеді. Тірі кезінде қанша адасса да, өлер шағында "қазағым, қазығым, қайдасың" дейді. Сүйегінің бөтен жердің топырағында қалғанын қаламайды. Бірақ өз жері мен өз қазағын тірісінде тонағанын қайда қоямыз, деп жазыпты "Жас Алаш" газеті.
Қазіргі қазақ байларын "бай" деп сыйлаудың өзі қиын. Адал бизнес, маңдай терімен байымаған, өйткені. Көкесінің, ымдас-жымдас руласының, тамыр-танысы мен билікке қолы жеткен әулет-кланының арқасында ғана билік те, байлық та солардың қолында. Содан шығар, халық олардың байлығын сыйламайды. Халық олардың тым шексіз болып үлгерген құдіретінен, ықпалы мен билігінен, ештеңеден тайынбайтын имансыздығынан ғана ығады әзірге. "Біз байып алдық, амал нешік. Сендер осы жоқшылыққа көніп, Қазақстандағы осындай өмірді қабылдаңдар" дегісі-ақ келеді. Ондай шындықты қабылдауға да болар еді, бірақ бұл жердегі "байып алды" дегені, шындығында, ел байлығын өзара әділетсіз талан-таражға салып, ұрлап алғаны екенін қалай қабылдаймыз?
Қазақстанның байлығын Қазақстанның барлық адамы көрмеді
Бір топ қазақ Еуропадағы қымбат жерлерден жарыса сарай алып жатқанда, елімізде талай отбасы әлі күнге дейін қара су мен макаронға қарап отыр. Талай жыл бойы "халықтың әл-ауқатын арттырамыз" деген ұрандар өтірік ұран болып шықты. Өмір алға жылжыған сайын, қара халықтың кедейлігі Қазақстанды артқа сүйреп жатыр.
Халықтың өзі жиған зейнетақы жинағын да жеме-жемге келгенде өз қолына ұстатпай, ит қылғалы отыр. Ойда жоқта сайтандай сап еткен "Отбасы банкін" киліктіріп қойып, баспана мен емделуіңе аударылатын артық ақшаң болса, оның 10 пайызына жармасқаны мынау. Бүйтіп тіпті жол салғаны да құрысын, оның бәрін ақылы қыламыз деген жоспар құрады. Қала көшелеріне ақылы тұрақтары мен "Сергектерін" тұздықтап, тағы да халықтың қалтасына түсіп отыр.
Халықпен бөлісу мен қазаққа бірдеңені тегін беру қажеттігін ұқпайтын біздің билікке біз мұрнымызды шүйіре қарайтын Моңғолия жайсыз мысал көрсетті:
Былтырдан бастап Моңғолия халқы ел байлығынан түскен ақшадан дивиденд ала бастады. Оның алдында үкімет елдің әрбір азаматына көмір шығаратын Erdenes Mongol ұлттық компаниясының 1072 акциясынан бөліп берді. Енді елдің әрбір адамы 96 480 тугрик (15 мың теңге) алды. Табыс артқан сайын, дивиденд сомасы да өсе беретін болды.
Айтпақшы, Моңғолия дегенде, оларда былтыр баспанасының көлемі 100 шаршы метрден аспайтын адамдардың барлығы жарық, жылу, су, қоқыс шығару сияқты коммуналдық төлемнің бәрінен босатылды. Ол шығынды экспортқа шығып жатқан қазба байлықтар есебінен мемлекет өз мойнына алды.
Коронавирус жұқтырған жүкті әйелдің үстіндегі киімі жұқа болғаны үшін ғана елдің премьер-министрі масқара болып, отставкаға кетірілді. Елде Pfizer мен Astra/Zeneca вакциналарын жаппай егу басталды. Коронавирус дағдарысының созылуына байланысты Моңғолия президентінің бастамасымен әр отбасыға бір реттік миллион тугрик (шамамен 150 мың теңгедей) бөлу туралы қаулы шыққалы жатыр.
Қарасаңыз, өз халқының қамын ойлау жағынан Өзбекстан мен Моңғолия билігі біздің биліктен қатты озып кетті.
Біз ше?
Біз әлі жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Тіпті күрестің әлі бекітілмеген латын әріптерімен "Адалдық алаңы" деп жазып қойып, құр сөзден басқа ештеңе айтылмайтын қайдағы бір кеңселер, парасаттылық департаменті деген сияқты ұраннан әріге аспайтын формасына көштік. Ұсталып жатқандар кілең ұсақ-түйек жемқорлар, әлі сол баяғы кландар арасындағы тартыс. Қара халықтың қарапайым қамын ойлап жүрген ешкім жоқ.
Лондоннан үй алып қойғандар квартирант қазаққа "Біз біргеміз" деп соғады. Біз біргеміз дегені рас, енді, әзірге. Бір елдеміз, бір халықпыз, бір қазақпыз. Бірақ...