Қазақ қауымы өсірген сиыр малы табиғи сұрыптаудың төл туындысы ретінде, туып өскен өңірлік ерекшеліктеріне орай әртүрлі болған. Мысалы, ауа-райы қолайлы оңтүстік шығыс өңірде өсірілген сиырлар бойшаң, ірі денелі болып келсе, қуаң аймақтарда таралған сиырлар денесі шағындау келіп, өрісті игеруге икемді және табиғаттың қатал сынына төзімді болған.
Көптеген зерттеулерде /Е.Ф. Лискун, А.В. Ланин/ жайылымда өскен қазақы сиырдың еті Ресейдің базарларында жақсы бағаланғаны жазылған. Ресей патшалығы кезінде жайылымда өскен Украинның көк сиыры мен қазақ сиырының еттері "черкес еті" деген атпен танылған.
XIX ғасырда патшалық Ресейдің базарлары қазақтың даласында өскен сиыр етімен қамтамасыз етіліп отырғаны жөнінде деректер көп кездеседі. Торғай өңірінде /А.И. Добромыслова, 1895/ бір адамға шаққанда 12,36 бас сиыр өсірілгенін жазса, В.Я. Бенкевич /1879/ бір түтінге шаққанда 57 бас сиыр келетінін жазған. К.Д. Дияровтың дерегінде Батыс Қазақстан өңірінде бір адамға орта есеппен 8,6 бас сиыр малын өсірілетіні жазылады. Осы мәліметтер сиыр малы қазақ даласында жеткілікті мөлшерде өсірілгеніне және Ресейді етпен қамтамасыз етудің негізгі көздерінің бірі болғанына дәлел.
Сондықтанда болар, Одақ кезінде сиыр шаруашылығын өркендету барысында жергілікті малдың өнімділігін жақсарту үшін етті бағыттағы герефорд тұқымымен будандастыру, негізінен Қазақстан жерінде қолға алынды.
1928 жылы әкелінген бастапқы 1240 бас герефорд тұқымының 900 басы Қазақстанға таратылған. Жаппай будандастыру жұмыстарына пәрмен беру үшін 1931-1932 жылдары 800 бас қосымша әкелінген. Бірінші және екінші буын будандардың ұрпағын әрі қарай жақсарту үшін "мақсатты жұптау" ұстанымына серпін беру мақсатында 1939 жылы Совхоздар Министрлігінің бастамасымен тікелей ағылшын елінен тағы да 188 бас асыл тұқымды герефорд малы іріктеліп алыныпты.
Жергілікті малды герефорд тұқымымен жақсарту Қазақстан бойынша 13 облыстың 68 ауданын қамтыған. Будандастыру жұмыстары жүргізілген шаруашылықтар Қазақстан жерінің 48% аумағын, яғни 500 550 мың шаршы км көлемін алып жатқан.
Жергілікті малды жаппай жақсарту барысында будан малдардың етті бағыттағы қасиеттерін бекіту, жайылымға төзімділігін шыңдау басты назарда болған. Осындай кең ауқымды жұмыстар біздің мақтанышымыз "қазақтың ақбас сиыры" атты жаңа тұқым шығаруға мұрындық болды. Сол кезеңде жаңа шыққан тұқымның тиімділігін байқаған жергілікті халық осы сиырды "құтты мал" деп атапты.
Атап өтетін жәйт, будандастыру жұмыстары жоспарлы түрде қарқынды жүргізілген. Мысалы, басында бір бұқашық қоралап шағылыстыру әдісімен 100 бас аналықты қашырса, 1936 жылдары қолдан ұрықтандыру әдісін кеңінен қолдана отырып, бір бас асыл тұқымды бұқа 300-ден аса сиыр ұрықтандыратын деңгейге жеткен.
Сырттан келген малдың біздің табиғи жағдайымызға бейімделуі де әр қилы болған. Табынға қосқан таза тұқымды герефорд пен бірінші буын будан бұқашықтардың белсенділігі төмен болып, бұзау алу жоспарына нұқсан келтірген. Сондай-ақ таза тұқымды және бірінші буын будан малдарда жұқпалы аурулар, мысалы, туберкулез, бруцеллез белең алған. Әлбетте, жайылымда жүрген малдардың арасында конъюктивит пен кератит аурулары жиі кездескен, әрі тұяғы да әлсіздік танытқан. Дегенмен, жергілікті малды жаппай жақсарту барысында мал өсіру технологиясы қалыптасқан әдіспен жүргізіліп, табиғи сұрыптау тезінен өткізілген. Осы ұстаным жергілікті жерге бейімделген етті сиырдың қалыптасуына мұрындық болды.
Ескеретін жәйт, сараптау барысында ағылшын бұқашықтарында "туыстық жақындық" /инбридинг/ орын алғаны анықталған. Мысалы, ағылшын бұқашықтарына тән II-III и II-II деңгейдегі туыстық жақындық екінші буын ұрпақтарының өзара шағылысуына жол берілгеніне дәлел. Генетика іліміне сүйенсек, қан жақындығы малдың кейбір белгілерінің бекемделуіне ықпал еткенімен, көбіне, ағзаның төзімділігін әлсіретіп, қалыпты қызметіне нұқсан келтіретіні белгілі жәйт.
Жаппай будандастыра отырып, қолдағы малды жақсарту барысында ұтымды жүргізілген сұрыптау мен жұптау жұмыстары республикамыздың барлық өңірінде жаңа тұқымдық мал тобының қалыптасуына ықпал етті. Барлық мал басы барынша селекциялық жұмыспен қамтылды, асыл тұқымды шаруашылықтарда тұқымдық малдың таңдаулы тобы шоғырланды, олардан аталық малдар іріктеліп алынды. Осылайша, ұдайы жүргізілген сұрыптау жұмыстары және малдың белгілі бір нышандарын жақсарту мақсатында қолданылған сындарлы жұптау үдерісі жиырма жылдың көлемінде өзіндік ерекше белгілері қалыптасқан жаңа тұқымның шығуына ұласты.
Қазақстан Республикасы мал басы жағынан, өсірілу аумағының көлемі және селекциялық жұмыс барысында қалыптасқан аталықіз бен тұқымішілік құрылымдық мал топтары /тип/ саны жағынан Ресейден озық тұрды. Әрине, әртүрлі табиғи аймақта өсірілгендіктен, тұқым ішінде өңірлік ерекшелігі бар жеке мал топтары /тип/ қалыптасты. Деректер легіне сүйенсек, тек Қазақстан аумағында етті бағыттағы сапасы бекіген, тектік қасиеті тұрақталған мал тобының өзі жеке дара жаңа тұқымды апробациялау деңгейіне жеткен. Осылайша, 1950 жылы Одақ көлемінде Министрлер кеңесінің қаулысымен "Қазақтың ақбас сиыры" деген атпен жаңа тұқым бекітілді. Әлбетте, бұл үлкен жетістік, әрі мақтаныш.
Отыз жылдық қысқа мерзім ішінде жаңа тұқымның қалыптасуына ықпал еткен басты факторлар:
- жаңа тұқымның қалыптасуына ұйытқы болған аналық малдың тектілік пәрмені. Біріншіден, жергілікті мал жайылымға бейімделген, табиғаттың қатал сынына төзімді еді. Екіншіден, Қазақстанның әртүрлі табиғи аймағына тән жергілікті сиырлардың жеке топтары бар еді. Әр өңірдің өзіне тән тектік ерекшелігі жалпы будандастыру барысында жаңа тұқымның тектік қор аясын кеңітіп отырды, яғни генетикалық әр алуандылық тұқымның икемділігін анықтады;
- жаңа тұқымның Одақ деңгейінде танымал болуына ықпал еткен аталық малдың тектілік тегеуіріні еді. Әлемде жайылымда өсірілетін етті бағыттағы сиырлардың ішіндегі сыртқы ортаға бейімдісі де, тезжетілгіші де осы герефорд тұқымы болатын;
- тұтынушы үдесіне сай еттің жақсы сапасы аналық малға да, аталық малға да тән ортақ қасиет еді. Әсіресе, қазақы сиырға тән бұлшық еттеріне етпен қатар май қыртысын жинақтау, әсіресе, ет талшықтарының арасына май түзілу үрдісі еттің дәмін арттырып, тағамдық жарамдылығы мен сапалық қасиетін анықтады;
- жаппай будандастыру барысында қолдан сұрыптау жұмыстары табиғи сұрыптау жұмыстарымен астасып жатты. Сондықтан да, жайылымға төзімсіз, тұяғы әлсіз малдар табиғи сұрыптаудың тезінен өтпеді. Ал, бұзаулардың қарқынды өсуіне қазақы сиырдың майлы сүті ықпал етті;
- талапқа сай малдарды көбейту қарқынды жолмен қолдан ұрықтандыру әдісімен жедел жүзеге асты. Тұқымдық бұқашықтарды ұрпағы бойынша сынақтан өткізу, тектілік қасиетті шыңдай түсті;
- аналық және аталық тұқымдар ұтымды таңдалған. Мысалы, ет сапасы бойынша екі тұқымның сапалық деңгейі бірін-бірі толықтырып отырса, бұзаулардың өсуіне аталық мал тарапынан тез жетілу ықпал етіп, аналық мал тарапынан сүттің майлылығы пәрмен берді.
Малдың жыл бойына жайылымда бағылуы, яғни "спартандық" жағдай жас ұрпақтың төзімді болуын қалыптастырып, жергілікті климатқа бейімділігін бекіте түсті.
Қандай жетістіктермен мақтана аламыз. Деректерге сүйенсек, қазақы сиырдың тірілей салмағы 240-384 кг аралығында болғаны және бес жасар бұқалардың таңдаулысы 520 кг дейін салмақ тартқаны келтірілген. Осы деректер, қазақы сиырдың шағын денелі болғанын, дегенмен, жасы ұлғайған сайын салмақ қоса алатын қабілетін айқындайды.
"Қазақтың ақбас сиыры" жаңа тұқым ретінде қабылданған соң, ең жоғарғы көрсеткіш Батыс Қазақстан өңіріне тән болған, асыл тұқымды құнажын 475 кг, сақа сиырлар 511 кг салмақ тартқан.
Жиырма жыл бойы жүргізілген селекциялық жұмыстар үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жергілікті малмен салыстырғанда, жаңа сиыр тұқымы 200 кг-ға артық салмақ басады, экономикалық тұрғыдан мал өсірудің тиімділігі артты. Жайылымдық технологияда мал бағуға жұмсалатын шығынның тұрақтылығын ескерсек, әр бас сиырға шаққанда қосымша 100 кг ет шығынсыз артық өндірілді. Бұл орташа көрсеткіш еді.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында "Аңқаты" мен "Шапай" шаруашылықтарының сынақ станцияларында тәулігіне 1 600 гр салмақ қосып, 15 айлық жасында 600 кг тірілей салмақ басқан бұқашықтар болды. Бұл - әлемдік жетістіктердің межесі еді. Сол кезеңдерде "Қалбатау" шаруашылығының "Пани 132" атты сиыры 1036 кг салмақ тартса, ал "Бруска 258" атты бұқасы 1400 кг салмақ тартты. Осы жетістіктер қазақтың ақбас сиырының тектік әлеуетінің зор екенін аңғартып тұр.
Әрине, қазақтың ақбас сиырының тектік аясы да кең. Мысалы, бүгінгі күнге бізге 32-33 атылықіз мәлім. Батыс Қазақстанда үш сүлесі шығарылған: "Батыс Қазақстандық аймақтық" сүлесі, ірі денелі "Аңқаты" сүлесі және мұқыл сиыр тобына жататын "Шағатай" сүлесі, Солтүстік Қазақстанда "Алабота" сүлесі шығарылған. Бізге қолжетімді ақпарат легінен Ресей Федерациясында "Заволжский" және "Могойтуй" типтері апробацияланғаны белгілі.
Статистикалық мәліметтер бойынша, 1991 жылы "қазақтың ақбас сиыры" мал саны жағынан шырқау шегіне жетіп, 1 370 мың бас болды. Осы кезеңде еліміздегі етті бағыттағы сиыр малының саны 2,5 млн басқа жеткенін ескерсек, ақбас сиырдың үлесі 55%-ды құрап, сиыр етін өндірудің көшбасшысы болды.
Қазақтың ақбас сиырының бүгінгі ахуалы қандай деген сауалға мардымды жауап таппаймыз. Жаппай жекешелендіру кезеңінде жаппай жақсартылған мал күйзеліске ұрынды. Әркім өз үлесін алып, шаруасын күйттеп, қолдағы малынан барынша табыс алуды мақсат тұтты. Осы кезде, мал өсірудің ұйтқысы асыл тұқымды малдың парқы еленбеді. Асыл тұқымды шаруашылықтар бөлініске түсіп, асыл тұқымды малдың есебі де дағдарысқа ұшырады.
Осы тұста сиыр етін экспортқа шығарамыз деген саясатпен сырт елден "кірме малдар" әкелінді. Әкелінген малдың тиімділігін арттыру мақсатында барлық мемлекеттік қолдау ресурстары осы бағытқа жұмылдырылды. "Кірме мал" әспеттеліп, қазақтың ақбас сиыры "өнімділігі нашар" мал ретінде сипатталды. Осы бір ебедейсіз әрекеттер мақтанышымыз болған ақбас сиырдың өрісін тарылтты.
Дегенмен, соңғы жылдары қазақтың ақбас сиырының республикалық палатасы осы тұқымның дамуына бағытталған біраз шаруалар атқарып жатыр. Палата тоқырауға ұшыраған тұқымның өрісін кеңейту үшін заманауи ұстанымдарға пәрмен беруде. Мысалы, бұқаларды ұрпағы бойынша бағалауды заманауи "GrowSafe" әдісімен жүргізуді қолға алыпты. Бәрекелді, іске сәт!
Маман ретінде, малдың тұқымдық сапасын арттырудың бірден-бір қысқа жолы – қолдан ұрықтандыру екенін ескере отырып, осы іске пәрмен берілсе, осы бағытта Палата мемлекеттік қолдаудың аясын арттыруға жұмыс атқарса отандық тұқымның бағы ашылар еді. Осы орайда, тұқымдық малдарды таңдау мен іріктеу барысында геномдық сараптаудың заманауи технологиясы "SNP" әдісін кеңінен қолдану селекциялық үрдісті жеделдетуге ықпалын тигізер еді.
Қазақтың ақбас сиырын шығару мақсатында герефорд тұқымын қолданғанымыз анық. Енді, осы қанды үстемелеп құю, жергілікті малдың төзімділігін әлсірететіні генетика іліміне белгілі жәйт. Осындайда, "өзіңнен шықпай, өзегің майланбайды" деген бабамыздың даналығына сүйеніп, Палата мамандары өз малымыздың құтын арттыруға жұмыс жасағаны игілікке ұласатыны анық.
Айбын Төреханов, профессор