Екпе арқылы денеге "чип" енгізіле ме? Соңғы күндері желіде вакцина салған жерге магниттің жабысатыны жайлы ақпараттар желдей есіп жүр. Үлкені де, кішісі де қолына магнит алып, оны вакцина салған орынға қойып, эксперимент жүргізіп әлек. Бір қызығы, темір тек вакцина салынған жерге ғана жабысады екен. Сонда шынымен қорқатындай жай бар ма? Әлде бұл елді дүрліктірудің кезекті амалы ма? Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Видео авторының рентгенге барғаны я бармағанын қайдам, бірақ бір нәрсе анық, халық екпе арқылы денемізге "чип" енгізілген бе деп қауіптеніп отыр.
Әрине, бірден айта кетейік. Екпе мұндай инемен салынбайды. Яғни бұл видеодағы ақпарат жалған! Бұл үй жануарларына арналған укол екен. Ал желідегі экспериментке оралсақ, жауапты министрлік бұған бүй деді.
Ерғали Абдураимов, БҚП ҒЗИ Бас директорының ғылым және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары:
Былай қарасаң, вакцинаның құрамында 3-4 қана компоненттен тұратын вакцина. Ол жерде ешқандай бөгде зат немесе адамның өміріне кері әсерін тигізетін чип деген әңгіме, ол жай ғана бос сөз.
Бос сөз болғанымен, соңғы күндері екпе алуға ниетті халықтың қарасы азайыпты. Бүгінге дейін вакцинаның қос компонентін тек 973 мың қазақстандық қана қабылдаған екен. Алайда дәрігерлер жұқпалы вирусқа төтеп берудің төте жолы вакцинация екенін тағы еске салады. Ал жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргендер қазір іздестіріліп жатыр. Енді олар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.