Алматы облысында өткен 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілді. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3%, құрылыс жұмыстары – 4,2%, сауда – 3,7%, ауыл шаруашылығы 0,5% өскен. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Спикердің айтуынша, облыс экономикасына 127 млрд теңге инвестиция тартылды, өсім - 1,6% (ҚР – 93,4%). Жыл соңына қарай инвестиция көлемі 811 млрд. теңге деңгейінде болады деп күтілуде. 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі инвестиция көлемін 30% дейін ұлғайту міндеттерін орындау үшін 45 мың жұмыс орнын құратын, 5,4 трлн теңгелік 562 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Соның 327-сі іске асырылуда, олар тұрақты инвестиция легін қамтамасыз етеді.
Мұнда 9 Трансұлттық компания өзінің елеулі үлесін қосып отыр. Бұл туралы сіздермен алдыңғы кездескен кезде айтқан болатынмын. Өткен жылдардан бері жұмыс істеп тұрған "Маревен Фуд", "Лукойл", "Willo" кәсіпорындары мен биыл іске қосылған "Алацем" цемент зауыты мен "Фид Миллс" құрама жем зауыты өндірістерінің жалпы көлемі 165 млрд. теңгені құрайды. Алдағы уақытта Трансұлттық компаниялардың тағы 5 жобасы іске қосылғанда олардың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 25% болады, - деді А.Баталов.
Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні азық-түлік, сусын, электр құралдары, дайын металл бұйымдары, фармацевтика мен құрылыс индустриясы өндірісінде тұрақты өсім байқалады. Ал жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетіп, шикізаттық емес экспорт 6% өсіп, 400 млн. АҚШ долларына жетеді деп межеленіп отыр.