Қазақтың соңғы ханы Кенесарыға қойылған белгі орнынан алынатын болды. Әңгіме Елордадағы еңселі ескерткіш жайлы емес, Жамбыл облысының Меркі ауданында тұрған тұғыртас төңірегінде болып отыр. Ол жерде осыдан үш жыл бұрын тұрғындардың күшімен Кенесарының құрметіне монумент бой көтерген болатын. Оны алғаш көргенде жұртшылық бір шулаған еді. Себебі, ханға арналған ескерткіш тым аласа, оның үстіне ұсқынсыз деп баға берілген. Жергілікті әкімдіктен де бұл іске еш рұқсат алынбаған. Алайда, өздерін ханның ұрпағымыз деп санайтын жергілікті тұрғындар тобы ешкімнің уәжіне құлақ аспай, дұрыс жасағандарын дәлелдеп бағуда. Енді не болмақ?
Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Хан Кененің ескерткіші "Батыс Еуропа Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің дәл бойында тұр. Жалпы биіктігі жеті метр. Алайда, облыс тұрғындары батырдың бұл бейнесі үшін ел алдында ұятты болып отырмыз, себебі ескерткіш қазақтың ұлы тұлғасына еш лайық емес, дейді.
Жомарт Есқара, облыс тұрғыны:
Ханға лайықты деңгейде ескерткіш қою керек деп есептеймін. Егерде петиция қолға алынып жатса, мен барынша өзімнің қолымнан келгенін жасаймын. Қорлау деп санаймын! Кенесарының басының өзі денесінен ажыратылған ғой, енді ол қалмай ескерткішін лайықсыз деңгейде салып беру күллі қазаққа ұят.
Жалғас Орынбасар, облыс тұрғыны:
Мазақ ретінде болған сияқты. Мазақ ретінде. Өйткені, ескерткіштің бойы аласа, екіншіден суреттерде берілетін Кенесарының сұлбасына ұқсамайды, басқа.
Ескерткіш орнату идеясын өздерін ханның ұрпағымыз деп санайтын жергілікті тұрғындар көтеріпті. Өзара қаражат жинап, жеке меншік жерге орналастырған. Құрылысқа 8 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Тек, тастұғырды тұрғызу туралы ешбір жауапты органмен келісілмеген.
Аманбай Бексұлтанов, Меркі ауданының тұрғыны:
Қазақ хандығы Жамбыл облысының территориясында басталып, қазақ хандығы Жамбыл облысының территориясында бітті. Ол Кенесары хан еді ең соңғы. Жер берген кісі де, мен де сол Кенесарының ұрпағымыз. Енді біз оның заңын білмедік шынында да. Өзіміздің жеке меншік жер, қаражат өзіміздікі, тұрғызайық дедік, тұрғыздық.
Ханның ұрпақтары ескерткіштің сәтті шықпағанын мойындайды. Дегенмен, бұл қадамға Кенесарыға құрмет көрсету үшін барғандарын айтады. Олар монументтің ауыстырылғанына қарсы емес, тек, ескі нұсқасын да бұзып тастауға болмайды, дейді.
Мұрат Арықбаев, ескерткішке жер бөлген кәсіпкер:
Өкінбейміз, біз енді өкібейтініміз – жасымыз болса келді, бізден кейін балалар бар, басқа бар. Енді ескерткішке ауылда мектеп бар, көше бар, бір бұрыштан орны табылады. Тастай салуға болмайды.
Жергілікті әкімдік жаңа әрі еңселі ескерткішті көтеру қажеттігін қолдайды. Тек, барлық атқарылатын шаруа заң талаптарына толық сай болуы тиіс деп отыр.
Берік Бегалиев, Меркі ауданы әкімінің орынбасары:
Бюджеттен ақша бөлінбейді бірден айтайын. Аталған ескерткіштің болашақ эскизін, абаттандыру құжаттарын, жердің құжаттары, ол жеке меншік жердің меншігіндегі құжат, соның барлығы республикалық ономостикалық комиссияның қарауына ұсынылады, оң қортындысы шыққан жағдайда ол ескерткіштің ары қарай бой көтеру жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда сәтсіз шыққан ескерткішті тұрған жерінен алып тастау жөнінде шешім қабылданды. Ал, оның орнында жаңасы қашан бой көтеретіндігі белгісіз. Сондай-ақ, ескі ескерткіштің бұдан кейінгі тағдыры да әзірге беймәлім болып отыр.