Қазақстан бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Латвия мен Ресейден озды

"Үкіметтің тиімділігі" факторы бойынша Қазақстан өз позициясын 8 тармаққа жақсартып, 21 орынға тұрақтады.

2021 жылғы 17 маусымда Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD, Лозанна, Швейцария) Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы 2021 жылғы әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінің нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

IMD рейтингі – келесі факторларды бағалайтын кешенді зерттеудің нәтижесі: "Экономикалық қызмет", "Үкімет тиімділігі", "Бизнестің тиімділігі" және "Инфрақұрылым". 2021 жылы зерттеуде әлемнің 64 елі бағаланды. Рейтингте жетекші орынға Швейцария ие. Үздік 5 елге Швеция, Дания, Нидерланды және Сингапур кіреді.

2021 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы 2020 жылғы рейтингпен салыстырғанда 7 тармаққа көтеріліп, 35-орынды иеленді. Қазақстан Португалия (36 орын), Индонезия (37 орын), Латвия (38 орын), Испания (39 орын), Словения (40 орын), Үндістан (43 орын), Ресей (45 орын), Түркия (51 орын) сияқты елдерден алда келеді.

Биыл Қазақстан рейтингтің барлық факторлары бойынша өз позициясын жақсартты.

"Үкіметтің тиімділігі" факторы бойынша Қазақстан өз позициясын 8 тармаққа жақсартып, 21 орынға тұрақтады. Жақсару барлық 5 субфактор бойынша позициялардың артуымен түсіндіріледі, атап айтсақ: "Мемлекеттік қаржы" – 19 орын (4 позицияға жақсарды), "Салық саясаты" – 5 орын (11 позицияға жақсарды), "Институционалдық орта" – 46 орын (4 позицияға жақсарды), "Бизнес туралы заңнама" – 25 орын (3 позицияға жақсарды) және "Қоғамдық құрылыс" – 29 орын (9 позицияға жақсарды).

"Бизнестің тиімділігі" факторы бойынша Қазақстан позициясының 6 тармаққа – 28 орынға дейін жақсарғаны байқалады. Осы фактор аясында 4 субфактор бойынша көрсеткіштер жақсарды. Қазақстанның "Еңбек нарығы" субфакторы бойынша позициясы – 20 орын (12 позицияға жақсарды), "Қаржы" – 46 орын (1 позицияға жақсарды), "Менеджмент практикасы" – 13 орын (6 позицияға жақсарды), "Қатынастар мен құндылықтар" – 23 орын (6 позицияға жақсарды).

"Экономикалық қызмет" факторы бойынша Қазақстан үш позицияға көтеріліп, 45-орынға ие болды. Жақсару барлық бес субфактор бойынша позициялардың артуымен түсіндіріледі: "Ішкі экономика" – 37-орын (4 позицияға жақсарды), "Халықаралық сауда" – 58-орын (2 позицияға жақсарды), "Сыртқы инвестициялар" – 47-орын (1 позицияға жақсарды), "Жұмыспен қамту" – 24-орын (9 позицияға жақсарды) және "Бағалар" – 13-орын (3 позицияға жақсарды).

"Инфрақұрылым" факторы бойынша Қазақстан төрт позицияға көтеріліп, 47-орынды иеленді. Үш субфактор бойынша позицияларды көтеру жақсы нәтиже көрсетті: "Базалық инфрақұрылым" – 25-орын (6 позицияға жақсарды), "Ғылыми инфрақұрылым" – 57-орын (1 позицияға жақсарды), "Денсаулық сақтау және қоршаған орта" – 55-орын (2 позицияға жақсарды).

Респонденттердің пікірінше, Қазақстан Республикасы экономикасының неғұрлым тартымды бес факторының қатарына қолайлы бизнес-орта (респонденттердің 60%-ы), экономиканың серпінділігі (46,4%), қаржылық жағдайға қолжетімділік (45,5%), саясаттың тұрақтылығы мен болжамдылығы (42,7%) және салық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі жатады (40,9%).

Бұған дейін Boston Consulting Group Sustainable Economic Development Assessment 2021 (08.06.2021 ж) жаңартылған зерттеуі шеңберінде Қазақстан экономикасының экономикалық орнықтылық, инфрақұрылым сапасы, мемлекеттік институттар мен қызметтер сияқты көрсеткіштері бойынша бағалауын арттырды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: