Су жоқ, жарық жоқ, интернет жоқ. Ауыл тұрғындары шеруге шықты

Автобус келмейді бұл жерге.

Елорданың іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғындары шеруге шықты. Жергілікті әкімдік рұқсат бермесе де, елді мекен жұрты бейбіт митинг өткізді. Құрылысы тұралап қалған мектептен әкімдікке дейін жаяулатып жүргендер бұдан басқа амалымыз жоқ дейді. Өйткені, шенеуніктер 20 жылдан бері халықтың жанайқайын естісе де, қордаланып қалған мәселелерін шешпей келеді екен, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Әзірбай Макашев, ауыл тұрғыны:

Бұл жерде су жоқ, жол жоқ, свет жоқ, интернет жоқ. Автобус келмейді бұл жерге. Содан бері біз ешкімге қайырылған жоқпыз. Жай барып, әкімдіктен сұрап қоямыз. Ол биыл болады, биыл болмаса, келесі жылы болады.

Инфрақұрылымда шаруасы жоқ, тек құр уәдемен тойдыратын Жібек жолы әкімдігіндегі жауаптылардан шаршаған ауыл тұрғындары шенеуніктерге дейін бару үшін жаяу шеру ұйымдастырды. Діттеген жеріне жеткені сол еді, жауаптыларды халықпен бетпе-бет кездесуге шақырды.

Жұрттың айқайын естіген ауыл әкімі Қанат Қанафин олардың алдына шықты. Бірақ, сол мезетте сынның астында қалды.

Жылдар бойы жыр болған су, жарық, жол мәселесінен мезі болған жұртына әкім былай деп қайырылды.

Қанат Қанафин, Жібек жолы ауылының әкімі:

Бұл кісілер 3-ші учаскеге жатады. Онда Панфилов, Әуезов, Қарасу, Жамбыл, Абылайхан көшелері кіреді. Өткен жылы сонда жол асты төсенішін салдық, су құбырларын өткіздік. Биыл осы асфальтты салу жоспарланған.

Тұрғындар тек жарыққа ғана ай сайын 30-40 мың төлеп келе жатқандарын айтты. Өйткені, ол орталықтандырылмаған. Демек, әркім жеке электржелісіне қосылған. Бұған Қанат Қанафин бағандар қойылып жатқанын, алдағы үш айда тоқ трансформаторы да өз орнын табады деп сендірді. Демек, жұмыстар тоқтамаса, қараша халық қарашада жарық үйлерінде отырады. Содан соң жиналғандар құрылыс көптеген олқылықтарға толы, жарты жолда тұралап қалған мектеп жайын сөз етті.

Әлібек Алмабаев, ауыл тұрғыны:

Бұның қабырғалары сейсмостойкий, ана ауыртпалықты көтеретін деңгейде болуы керек. Жоспарда оның бәрі көзделген. Алайда мердігер құрылыстың материалдарын өздерінен тапсырыс берушіге айтпастан, керісінше осал материалды қолданған.

Азамат Әміржанов, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары:

Жоба авторы, техникалық бақылаушылар, бас тапсырыс беруші, мердігер бар. Осылар өзара келіскен. Ешқандай осал материалдар жоқ. Барлығы заң жүзінде.

Аршалы ауданының шенеунігі білім ордасының құрылысы тоқтағанын мойындады. Өйткені жобаға түзетулер енгізіліп жатқан көрінеді. Мемлекеттік мекемені салып юбітіру туралы аудан басшылығы облысқа өтініш беріпті. Ақ жағалылар Жібек жолындағы балалар мектебінің құрылысы жалғасатынына сенімді. Бірақ, нақты қашан қайта басталатынын білмейді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: