Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент Палаталарының бірлескен отырысында атап өткендей, осы сессияда Парламенттің екі палатасының жұмысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары өздері бастамашы болған 24 заң жобасы болды. Оның 15-і осы уақытқа дейін қарастырылып, қабылданды. Заң жобалары қоғам өмірінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталды, деп хабарлайды zakon.kz.
Атап айтқанда, Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заң, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуга қатысты заң жобалары. Жүргізілген реформалар сот жүйесіне жаңа білікті мамандарды жұмылдырып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұндай шаралар, ең алдымен, халықтың соттарға деген сенімін нығайту үшін қабылдануда.
Сонымен қатар, депутаттар бастамасымен "Әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша", "Қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша" және "Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша" және тағы басқа да біқатар маңызды заң жобаларын әзірледі.
Бірінші сессия жұмысы барысында Мәжіліс депутаттары 233, Сенат депутаттары 45 депутаттық сауалдар жолдады. Олар индустриялық-инновациялық даму, қаржы, банк жүйесі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және өңірлік даму, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қорғаныс, құқық тәртібі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да маңызды мәселелерге арналды.
Нұрлан Нығматулин Мәжіліске өткен барлық фракцияның, сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары бірінші күннен бастап, бірлесе еңбек етіп келе жатқанын алға тартып:
- Барлық күш-жігер, білім-тәжірибе және саяси жауапкершілік – Елбасымыздың Стратегиялық бастамаларын, сонымен бірге, Президентіміздің сессияның ашылуында алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға арналды. Оның барлығы, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, халқымыздың өмір сапасын арттыруға жол ашты, - деді.