Гаити полициясының басшысы Леон Шарль бейсенбіге қараған түні күштік құрылымдар президент Жовенель Моиздің өліміне қатысы бар делінген төрт адамды атып өлтіріп, тағы екі адамды ұстады деп мәлімдеді, деп жазады centralasian.org.
Шарльдің сөзіне қарағанда, шабуылдаушылар полицияның үш қызметкерін кепілге алған. Алайда Гаити астанасы Порт-о-Пренстегі операция кезінде босатылған.
"Президент Жовенель Моизді өлтірді делінген адамдарды бүгін ұлттық полиция ұстады" деп жазды байланыс министрі Франц Экзантус Twitter-дегі парақшасында.
Президентке шабуыл 7 шілдеде жасалған. Бір топ адам президент резиденциясы аумағына кіріп, президент Жовенель Моизға оқ атқан. 53 жастағы Моиз сол жерде көз жұмған. Оның әйелі Мартин Моиз да жарақаттанған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалайды. Гаитидің Вашингтондағы елшісі Бокчит Эдмондтың айтуынша, Мартин Моиз емдеу үшін АҚШ-қа жеткізілген.
BBC ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шабуылдың ертесінде билік қылмысқа қатысты ақпарат таратқан. Премьер-министрдің міндетін атқарушы Клод Жозеф шабуылдаушылардың шетелдіктер екенін және өзара ағылшын мен испан тілдерінде сөйлескенін айтты. Гаитидің АҚШ-тағы елшісінің сөзіне қарағанда, шабуылдаушылар АҚШ-тың есірткімен күрес басқармасының агенттеріне ұқсас киінген. Бұл олардың президент резиденциясының аумағына кіруін жеңілдеткен болуы мүмкін. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі америкалық агенттердің Моиз өліміне қатысы жоғын айтты.
Көрші Доминикан республикасының билігі қылмыстық топ төрт колумбиялық пен үш венесуэлалықтан құралған, олардың Гаитидегі есірткі барондарымен байланысы болуы ықтимал деген жорамалды жоққа шығармады.
Интернетте жарияланған видеода шабуыл болған ауданда жолсыз жерлермен жүретін көліктер мен қарулы адамдардың тұрғаны көрінеді. Премьер-министр міндетін атқарушы Жозефтің айтуынша, олар бақайшағына дейін қаруланған және кәсіби тұрғыда дайындықтан өткені байқалады. Дегенмен BBC агенттігі әзірге бұл видеолардың түпнұсқа екенін растай алмады.
Кейінгі жылдары Гаитиде Жовенель Моизге қарсы наразылық шаралары жаппай тәртіпсіздік пен бүліктерге ұласып жүр. Президент қарсыластары оны жемқорлық жасады және қарулы бұзақы топтармен байланыс орнатты деп айыптаған. БҰҰ-ның мәліметінше, осындай бұзақы топтардың Порт-о-Пренсті бақылауға алу талпынысының салдарынан маусым айынан бері кемінде 15 мың адам қаладан қашқан. Гаити әлемдегі ең кедей елдердің бірі, 11 млн-ға жуық халықтың 60 пайызы күніне екі долларға өмір сүреді.