Алматыда жалға алатын пәтер бағасы шарықтап кетті. Бір бөлмелі пәтер үшін айына 150 мың теңгеден жоғары сұрап тұр. Көпшіліктің қалтасы мұндай соманы көтере бермейді, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қыркүйек айы жақындаған сайын еліміздің түкпір-түкпірінен студенттер Алматыға қарай ағылып, жалға берілетін пәтер құнының шарықтайтыны жыл сайынғы үрдіс. Алайда, биыл баспана бағасы әдеттегіден әжептәуір артқан. Әлеуметтік желідегі белсенді топ мүшелері де бұл тақырыпты жаппай көтеруде.
Жиһаз тұрмақ түгі жоқ төрт қабырғалы бөлмелердің өзі қазір қымбат бағамен берілуде. Бұл мәселеге көз жеткізу үшін шаһардағы "жетім бұрыш" деп аталып кеткен пәтерлерді жалға беретін орынға барып, бағаны білуге тырыстық. Қолында мекен-жайы мен нөмірі жазулы тұрған делдалдар бос бөлмеге 60 мыңнан жоғары сұраса, екі-үш бөлмелі пәтерлердің құны 200 мыңға бірақ жетті дейді. Сауда қызып тұрмаса да төмендетіп беру ешқайсының ойында жоқ.
Қаланың ішінен қандай квартиралар бар? Вообше жоқ. 200-300 мың. Бәрі бір ай бұрын келіп орналасып алды ғой. Мыналар босқа жүр да.
Арман қуып Алматыға келгендер қазір не істерін білмей дал. Ал, ғаламторға зер салсаңыз, қаланың әр аймағындағы пәтер бағасы әртүрлі. Мәселен, мегаполистің ортасындағы Бостандық, Медеу және Алмалы аудандарында бір бөлмелі пәтерге 150 мың сұраса, екі немесе одан да көп бөлмелі пәтерлердің құны 400 мыңға дейін бірақ жеткен. Ал, Алатау Наурызбай, Жетісу және Түркісіб аудандарындағы қуықтай бір бөлмелі жер үйлердің бағасы 90-100 мың теңгенің айналасында. Мамандар жалға берілетін баспананың шарықтауын былай деп түсіндірді.
Динара Абдулхакімова, риелтор:
Зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін үй алуға жұмсау да бұл жағдайға әсер етті. Өйткені, баспана алғандардың басым бөлігі ипотекасын жабу үшін жалға беруде. Өз қалтасынан шығын шығармас үшін несие бағасына сай өткізуді көздейді көбісі.
Сонымен қатар баспананың сыртында риелторлар мен делдалдарға берілетін ақша да бар. Оның құны 15 мыңнан жоғары. Бұдан бөлек, пәтерге кірмес бұрын алдын ала тұрғын үй иесіне депозит ретінде 50-60 мың теңге беруіңіз қажет. Ол баспанадағы заттардың сақтығы үшін алынады. Пәтер жалдаймыз деп қыруар қаржы жұмсауды қалтамыз көтермейді деген жұрт енді не істерін білмей отыр.