Жамаубаев жемқорлыққа жол ашпақ – Жібек Әжібаева

Мораторийді алып тастаса, кәсіпкерлерді қылқындырады.

Президенттің жолдауынан кейін министрлер ұйқысынан оянып кетті, дейді Астана телеарнасы.

Араға тәулік салмай жатып барлығының тапсырманы орындауға деген құлшынысы жоғары. Бәлкім, ыстық орындарын босатқысы келмес. Әсіресе, Қаржы министрі белсенді.

Мемлекет басшысы ел бюджетін қалыпқа келтіру керек деген болатын. Кірістің ұлғаюына мүмкіндік беретін мынадай ұсынысы бар:

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

Былтыр енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендетті. Жосықсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда. Осыған байланысты микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамыз.

Яғни министр көп кәсіпкер мораторийді өз пайдасына асырып отыр дейді. "Атамекен" палатасы болса, бұл ұсыныспен келіспейді. Олар Президенттің тапсырмасына қарсы шығу деп бағаалады. Жағдайды оңалту үшін Жамаубаевтың келтірген мысалы бұған аргумент емес екенін айтады. 2019 жыл мен былтырғы кіріс деңгейінің 60 пайызға дейін төмендеуіне мораторийдің түк қатысы жоқ деді.

Асқар Қысықов, "Атамекен" ҰКП жауапты хатшысы:

Пандемияға байланысты бүкіл ел бойынша төтенше жағдай режимін енгізгендіктен, 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 2020 жылдың 15 сәуіріне дейінгі кезеңде барлық дерлік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін толықтай тоқтатты. Шектеулер әлі де бар. Олар негізінен, табыс салығын төлеуден босатылған. Соңғы шешім Президентте. Кәсіпкерлердің алаңдаушылығын ескеріп, мораторийге салынған тыйымды күшінде қалдырады деп ойлаймыз.

Қаржы министрінің ұсынысына сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті де түбегейлі қарсы. Егер, ұсыныс қабылданса отандық бизнес саласы одан әрі құлдырайтынын жеткізді. Статистикаға сүйенсек, елдегі бизнестің 90 пайыздан көбі микро-шағын кәсіп. Өйткені өзгерістің бәрі барып тұрған шығын, дейді. Айтуынша, бұл - қымбатшылық пен жемқорлыққа үлкен жол ашады.

Жібек Әжібаева, Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті:

Мораторийді осылай өзгертсе, алып тастаса онда қайсысы болса да келеді, қайсысы болса да кәсіпкерлерге кедергі болатын түрі бар. Заңсыз жолмен жүргеннен кейін біз не істейміз, амалсызбыз? Әкімшілік айыппұл болады. Оны төлемеу үшін біз пара береміз. Пара бергеннен кейін үкіметтің бюджетіне бара ма, бармай ма, ол екіталай.

Жібек Әжібаева биліктің кәсіпкерлерге қазіргі қойып отырған міндеттемелері де тым артық дейді. Соның бірі - тәртіп сақшыларының әрбір дәмхана-мейрамханаларды күзетуі. Дегенмен ұсыныстың қабылдану мен қабылданбауы белгісіз. Десе де, миллионға жуық микро, шағын бизнес өкілдері бар қауымдастық, салықтық тексерісті енгізбес үшін тиісті органдардың бәріне хат жолдамақ. Жалпы, Президенттің қаулысына сәйкес мораторий 2023 жылға дейін жалғасуы керек.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: