Түркістан облысында оқушылар дәретханада сабақ оқып жүр

Бұл мектепте әжетханадан сыныпқа айналған бір емес, үш кабинет бар.

Түркістан облысында мектеп оқушылары сыныпқа симаған соң әжетханада сабақ оқуға мәжбүр. Келес ауданындағы Сұлтанбек Қожанов мектебі шенеуніктердің назарынан мүлдем тыс қалған. Себебі: тар мектептің парта, тақталарына дейін ескіріп қирауға шақ тұр. Оқу ғимаратын жөндеу, сырлау да мұғалімдердің мойнында екен. Ақжол ауылындағы ұстаздардың жанайқайына тұрғындар қосылып, қосымша ғимарат тауып беруді талап етті, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Ақжол ауылындағы 600 балаға арналған мектеп 45 жыл бұрын салынған. Әбден тозығы жеткен білім ошағында қазір мыңға жуық оқушы бар. Тығырықтан шығу үшін мұғалімдер кез келген бұрышта сабақ оқытуға бейімделген. Тіпті ұстаздар бөлмесі мен бірде-бір орындығы жоқ акт залына дейін сыныпқа айналып кеткен.

Луиза Ақбай, Сұлтанбек Қожанов атындағы мектеп директорының орынбасары:

- Кабинет етіп жасағанның салдарынан біздің мектебімізде зертхана да, архив те жоқ. Кітапхананың архиві жоқ. Бәрін кабинет қылып тастадық. Бізге, әзірше қосымша ғимарат салып беріп, келешекте жаңа ғимарат салынса.

Ең сорақысы, ескі ғимараттың жыртығын жамап, әктеп-сырлау да мұғалімдердің мойнында. Бұл мектепте орын жетіспегендіктен мұғалімдер барынша амалдауға тырысады. Бұл кабинет бұрын дәретхана болған. Оқушыларға орын болмаған соң мұғалімдер еден төсеп, тақта іліп, парта мен орындықтар қойған. Және бұл мектепте әжетханадан сыныпқа айналған бір емес, үш кабинет бар. Оқушысы сыймай жатқан мектептің парта мен тақтасын көруге ұяласың. Тозығы жеткені соншалық, қирауға шақ тұр. Бұл жағдай ата-аналардың да жанына батады. Жұрт оқу ғимаратын кеңейтудің жолын да тауып қойған. Мектептің дәл алдында кезінде әскерилердің кеңсесі болған бес жылдан бері бос тұрған қос қабатты ғимарат бар. Соны мектептің есебіне өткізіп беріңіз деп, аудан әкіміне екі жылдан бері өтінумен келеді екен. Бірақ әкім білімнен гөрі жекеменшікке өткізуге құмбыл дейді.

Гаухар Жораева, Ақжол ауылының тұрғыны:

- Әкім бұны пионер лагерін ашамын дейді. Жекеменшік пионер лагері бізге керек емес. Дәл қазір балаларға білім беретін мектеп керек. Шөкелеп отырған бала қандай білім алады? Қазір оқу бағдарламасы күрделі. Балаға кабинет тауып бере алмаса, мұғалімнің қандай абыройы болады?

Мектеп алдына жиналған жұрт әкім мен білім бөлімінің басшысын шақырған еді. Бірақ олардың орнына бөлім әдіскері ғана келді. Ата-аналар жетектегендей етіп мектептің жағдайын көрсетті. Бірақ ауданнан келген шенеунік бұл мектептің жағдайын біресе білеміз, біресе білмейміз деп әбден шатасты.

Насыр Сманов, Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:

- Алдағы уақытта партаны, орындықты, тақтаны – бәрін жеткізіп береміз. Нақты қай уақытта әкелінетінін білмеймін. Бірақ жұмыстар жүргізіліп жатыр дейді ол жақта да.

- Осы оқу жылына келмеуі де мүмкін бе?

- Жоқ, келіп қалуы керек. Көреміз, ақылдасамыз, мұның бәрін, жағдайды басшыларға жеткіземін.

Есік алдындағы қосымша ғимарат мектепке беріле ме, жоқ па, әлде жаңа мектеп салына ма деген сауалдардың біріне жауап бере алмаған әдіскер басшыға айтамын деп ауданға кетті. "Келес өңірінде мәселе шешетін басшы жоқ" деген жұрт жауаптыларды тексерсін деп прокуратураға арыз түсірмек.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: