Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) бар. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының операторы. Толықтай мемлекет бюджетінен қаржыландырылады. Үш жыл бұрын елдегі идеологиялық жұмысты жүргізіп, қазақстандықтардың санасын жаңғыртуы үшін ашылды, дейді Арамза билік каналы.
Кез келген ұлт өзінің ұлттық бірегейлігін, болмыс-бітімі мен өткенін зерделеуге ұмтылады. "Рухани жаңғырудың" мақсаты да сол. Қазақ елін әлемге таныту жолында ұлттық кодты дәріптей отырып, рухани мұрамызды жаңғырту идеясын дамытуы тиіс. Бастапқыда жобаға 54 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды. Алайда екі жылдан соң оған жауапты Ақпарат және қоғамдық даму институты пандемияға байланысты қаржыландыру қысқартылып, өткізілетін іс-шаралардың мазмұны өзгеретінін мәлімдеді. Бұған халық қуанбаса, ренжи қоймады.
Себебі, Қазақстан қоғамы бұл бағдарламаның мән-мағынасын, мақсаты не екенін түсінбеді. Әу баста дұрыс түсіндірген адам болмады. Сондықтан оның логотипіндегі құсқа бола жоба келемежге айналды. Естеріңізде болса, бағдарламаның ресми таңбасындағы құстың бейнесі француздық L'Aigle De Patmos театрының логотипіне ұқсас болып шықты.
Бастапқыда бағдарлама қарқынды орындалған сияқты еді. Ел ішіндегі ірілі-кішілі іс-шаралардың бәріне "рухани жаңғыру" аясында деген айдар тағылатын. Кейін саннан сапаға көшу қажеттілігі туындағанда әлгі қарқын басылды. Ал карантин кезіндегі шектеулерге байланысты ол шаралардың басым бөлігі онлайн форматқа көшті.
Айтпақшы кеше институт әкімдіктердің жұмысын бағалау тетігін оңтайландыру үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізетінін мәлімдеді. Институт алдымен өз жүмысын дұрыс жүргізіп алса жақсы болар еді. Әлде Қазақстан қоғамы рухани жаңғырып болды ма? Дәстүрлі жиын-тойлар мен есеп үшін өткізілетін зум-конференциялармен ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Қазіргі заман жаңа көзқарасты, креативті шешімдер мен орындауды талап етеді. Әсіресе бұл қазіргі діни радикализм мен халықтың жайлы өмірді іздеп шекара асып жатқан кезде тіптен өзекті. Сондықтан идеологияға жауапты институт өзгенің бақшасына түспей, өз ісімен айналысса игі еді.