Бірнеше қазақстандық қыз-келіншек бизнес бастаймын деп бармақ шайнап қалды, деп хабарлайды zakon.kz.
"Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретемін" деген жарнамаға сеніп, Түркияға кеткен әйелдер далада қалдық деп дабыл қақты, деп жазады telegram-дағы каналдардың бірі.
Кешеден бері заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желіде мәселе көтеріп жатыр. Заңгерге Түркияға сауда бизнесін үйренеміз деп кеткен бірнеше қазақстандық әйел хат жазған. Белгілі болғандай, Ұлдана Ерқасымқызы есімді кәсіпкер Қазақстаннан бірнеше адамды оффлайн оқуға шақырған. Тегін емес әлбетте. Бір айлық курс үшін қатысушылар 700 мың теңгеден төлеген. Ыстамбұлға "баюды үйренемін" деп барғандар де-факто жер сипап қалған. Қазір бірнеше қазақстандық Ыстамбұлдың жергілікті полициясына арызданды. Ол жаққа бару үшін кейбіреуі кредит алған.
Заңгердің дабылынан кейін мәселені ІІМ бақылауына алып, қазір Маңғыстаудан Түркияға "оқуға" жіберумен айналысқан бір азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы, қазақстандықтар алаяқтарға жиі алданатын болған. Тек биыл 9 айда алаяқтық бойынша 31,9 құқық бұзушылық тіркелген. Келтірілген залал құны - 40 млрд теңге. Оның жартысына жуығы интернет алаяқтыққа келеді. Бұл статистиканың ішінде "миллионер боламын", деп Ыстамбұлға ағылып далада қаңғып қалып жатқан әйелдер, әзірше жоқ.
Қазақстан қоғамындағы инфосығандар мәселесіне назар аударып, реттейтін уақыт жеткен сияқты. Инстаграмдағы жазылушылары 100 мыңнан асқан екінің бірі коуч, психолог болып елге ақыл айтып, ақша табуды кәсіпке айналдырған. Өкініштісі, соларға таңдай қағып, алданып жүргендердің бәрі дерлік өзіміздің қазақтар. Қазақстан тәжірибесінде қаржы пирамидасы, желілік маркетинг, алаяқтықтың небір түрін көрді. "Аузы күйген үрлеп ішетін еді".
Алайда қазекемдердің ауызы күймек түгілі, таңдайы пісіп жатса да, әлі сабақ алар түрі жоқ.