Қазақстанда Алтын Орда қалалары қайта қалпына келтіріледі

Біз үшін Алтын Орда несімен маңызды?

"Алтын Орда" тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы Мемлекет басшысы мақұлдады. Оларды келесі жылдан бастап жүзеге асыруымыз қажет, деді Атыраудағы "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" конференциясында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, деп хабарлайды Zakon.kz.

Абаевтың сөзінше, Алтын Орда – тамыры терең тарихымыздың бір парағы ғана емес. Бұл – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі. Біз сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпалардан құралған Ұлық Ұлыстың қазанында қайнап, жеке ұлт болып қалыптастық, дербес хандық құрдық.

– Бұған тарихпен әсіре мақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы Ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы. 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу себебін Әбілқайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайды. Қандай күшті болса да, өкпе мен реніш мемлекет құраушы идея бола алмайды. Сол үшін алғашқы хандарымыздың түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы Ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру еді. Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып аймақты бағындырып, билік жүргізді, деді ол.

Елбасы 2014 жылы Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық желісін айқындап берген. Бұл идеяны Шоқан Уәлихановтың қазақтар өздерін алтынордалықтардың ұрпағы санап, құрметтейді деген сөзі де қуаттай түседі. Бұл бұрыннан белгілі деректер, талас тудырмайтын айғақтар. Сан ғасыр өтсе де, Алтын Орданың мәні мен маңызының халқымыздың санасында берік сақталуы сондықтан.

Әз-Жәнібек, Едіге, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер туралы жыр-дастандар төл фольклорымыздың ажырамас бөлігі. Өзбек хан сүнниттік ханафи мәзһабын Ұлы даланың дәстүрлі діні ретінде берік орнатты. Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақ билеушілерінің бәрі де Жошы ханнан тарайды. Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы деуге болады, деп қосты Абаев.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары ХХІ ғасырдағы алтынордалық 7 қағиданы еске салды:

Бірінші қағида – мықты "билік вертикалі" арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет. Бұл өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа лауазымды тұлғаның дербес жауап беруін білдіреді.

Екінші қағида – меритократия немесе басшылыққа лайықты адамдардың келуі.

Үшінші қағида – әкімшілік басқарудың тиімділігі.

Төртінші қағида – ғылым-білім ғұрпы.

Бесінші қағида – диалог мәдениеті.

Алтыншы – дипломатия мәдениеті.

Жетінші – адами құндылықтар.

Осы жеті бағыттың негізінде өз заманында Алтын Орда жобасы жүзеге асырылды. Олардың мүлтіксіз орындалуы Ұлық Ұлыстың өркен жайып, дәуірлеген ғасырына жол ашты. Бұл негізгі қағидалар бүгін де бізді болашаққа батыл көз тігіп, ХХІ ғасыр талабына сай жаңғыруға бастайды, деді ол.

Абаевтың сөзінше, "Алтын Орда" тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы Мемлекет басшысы мақұлдады. Оларды келесі жылдан бастап жүзеге асыруымыз қажет:

Бірінші, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту;

Екінші, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріп, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындау;

Үшінші, ғылыми монографиялардың шығуын пысықтау. Мысалы, "Жошы", "Берке", "Өзбек" хандар туралы;

Төртінші, "Ұлық Ұлыс" энциклопедиясының шығуын пысықтап, Википедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау;

Бесінші, Ұлық Ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару мәселесін пысықтау;

Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығуын қамтамасыз ету;

Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректерді ескере отырып, мектеп және жоғарғы оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру.

– Бұл – ғалымдар мен сарапшылардың атсалысуымен ғана жүзеге асатын жұмыстар. Тізе қосып қимылдасақ қана жоғарыда айтылған өршіл мақсаттарға қол жеткіземіз. Біз ұсыныстар мен бастамаларды әрдайым құптаймыз, нәтижелі диалог орнатуға дайынбыз, – деді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: