Есірткі заттарын тасымалдайтын трансұлттық арналардың жолын кесу және заңсыз кірістерді легализациялаудағы криптовалютаның рөлі. Есірткі қылмысына қарсы күрестің осы және өзге де аспектілері "Nur Otan" Құқықтық кеңесінің кезекті отырысында талқыланды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров атап өткендей, жыл басынан бері 8 ұйымдасқан қылмыстық топ, 13 есірткі зертханасының жолы кесіліп, 16 қылмыстық іс қозғалған. 50 кг-нан астам дайын есірткі заттар мен 3,5 тонна прекурсорлар тәркіленді.
"Кибер қадағалау" жүйесінің арқасында 900-ден астам есірткі сайттары бұғатталды. Өткен айда Үкіметтің қаулысымен мефедрон ("меф"), пировалерон ("скорость") және синтетикалық каннабиноидтар ("спайс") сияқты қауіпті психотроптық заттардың "қылмыстық" мөлшері азайтылды. Бұрын қылмыстық іс қозғау үшін тәркіленген есірткі заттың мөлшері 50 грамм болса, енді 1 грамнан басталады. Бұдан басқа, министрлік есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасын әзірлеуде", - деді Арыстанғани Заппаров.
Бұл бағыттағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысымен Кеңес мүшелерін ведомство өкілі Асан Әубәкіров құлағдар етті. Биыл ҰҚК шетелдік серіктестермен 11 бірлескен операция жүргізіп, трансұлттық есірткі құрылымдарының 27 қатысушысы ұсталды. Ол ирандық қылмыстық құрылымдардың Каспий теңізі бойынша есірткі контрабандасын жүзеге асырғысы келген әрекеттерінің тіркелгенін атап өтті.
"Есірткі саудалаушылардың қаржылық схемалары ерекше назар аударуды қажет етеді. Интернетте ақша сомаларын цифрлық валютаға айырбастау жүзеге асырылады, бұл қылмыстық жолмен тапқан кірістердің құпиялылығы мен заңдастырылуын қамтамасыз етеді. Бұл салада құқықтық негіздің болмауы қылмыстық қаражат айналымының өсуіне және оларды шетелге ешқандай бақылаусыз шығаруға ықпал етеді. Сонымен қатар, виртуалды валютаға айырбасталған қылмыстық капиталды мемлекет кірісіне тәркілеу мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр", - деді Асан Әубәкіров.
Кеңес мүшесі, бұрынғы Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов есірткі айналымына қарсы күрес тиімділігінің төмен болу себептерінің бірі ІІМ құрылымдық құрамының жетілмегендігінен деп есептейді.
"Бізде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы департамент бар, бірақ криминалдық полиция департаменті жұмысының негізгі бағыттарының бірі де осы. Сонда екі бөлімшенің функциялары қайталанады. Криминалдық полиция комитетін қайта құруды, оның құрамына осы екі департаментті және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшесін қосуды ұсынамын. ІІМ-нің өз ішінде бәсекелестік болмауы тиіс", - деді Қайырбек Сүлейменов.
Өз кезегінде Кеңес мүшесі, профессор Арыстан Ахпанов халықаралық-құқықтық базаны жаңарту қажеттілігіне назар аударды.
"Тасымалдау арналарының жолы кесілгенмен, есірткінің бағасы сол күйі төмен болып қалады. Бұл жасырын жеткізу арналарының сақталып отырғанын дәлелдейді. "Наркобарондар" шетелдерде тұрады және сол елдер оларды біздің сұранымдарымыз бойынша жауапкершілікке тартпайды, қолданыстағы халықаралық және екі жақты шарттар ескірген және қазіргі заманға сай келмейді", - деді Арыстан Ахпанов.
Жиынды қорытындылай келе, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нәзиля Раззак Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында есірткінің таралу жолына күшті тосқауыл қоюды тапсырғанын еске салды.
"Бұл үшін есірткі мен психотроптық заттарды жіктеуге бірыңғай ұстанымды әзірлеу, есірткі құралдарының жаңа буынына қарсы жедел әрекет ететін құқықтық тетік құру талап етіледі. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстар енгізуді ұсынамыз", - деп түйіндеді Нәзиля Раззак.