Қалада автогаз тапшылығына байланысты көптеген бекеттер жабық тұр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ал қоры барлары көгілдір отынды тек талон арқылы саудалап жатыр, деп жазады kolesa.kz.
Мұндай жағдай бұған дейін еліміздің өзге өңірлерінде байқалған болатын. Көгілдір отын тапшылығы оңтүстік астананы да сырт айналып өтпеді. 12 қарашадағы жағдай бойынша, жанармай құю бекеттері автогаз сатуды тоқтатқан. Ал қорында газы барлары отынды литріне 112-115 теңгеден саудалап жатыр. Автогаз тасымалдаумен айналысатын компаниялардың бірі бұл жағдайды ПМХЗ-ғы жөндеу жұмыстарымен байланыстырады. АГҚС-на газ жеткізу мәселесі келесі бейсенбіге дейін шешілуі мүмкін. Сол күнге дейін Алматыға Шымкенттен цистерналар келуі тиіс.
Сонымен қатар, автогаз сатушылары бұл олқылықтың туындауына ҚТЖ-ны да кінәлап отыр. Себебі ұлттық компания көгілдір отын тасымалы жұмыстарын баяу жүргізіп жатқан көрінеді.
Ал өз кезегінде энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков елдегі газдың тапшылығы мен қымбаттауын тұтынушылар санының өсуінен деп отыр. Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап газбен жүретін көліктер саны 140 мыңнан 313 мыңға дейін өскен.
Айта кетейік, бұған дейін дизель тапшылығын жүк көліктерінің артуымен байланыстырған еді.
Орта мерзімді перспективада сұйытылған газдың жаңа көздері немесе өндірушілері күтілмейді. Тиісінше, мұндай төмен баға мен тұтынудың белсенді өсуі кезінде отын тапшылығы пайда болды, деп атап өтті вице-министр.
Әріпжан Әли