Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ тілі бизнестің, техниканың, ғылымның тіліне айналуда
Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Үшінші Ұлттық Құрылтай отырысында қазақ тіліне сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын, бұл тіл бизнестің, технология мен ғылымның тіліне айналып отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті.
"Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті", -деп атап өтті президент.
Президенттің сөзінше, соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр.
"Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек". Мемлекет басшысы
Президент осы тұста, халықаралық "Қазақ тілі қоғамы" туралы ерекше атап өтті.
"Қазір Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның "Qazaq tili" эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін." Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент экономиканы дамыту үшін "Креативті индустрияның" мән-маңызы зор екенін айтты. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс, деп қадап айтты президент.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript