"Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді" – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің болашағына қауіп төніп тұрмағанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект жүйелерінде қазақ тілінің қолданысы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
"Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент саяси қысымға қарамастан ана тілін сақтап, оның дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегіне тоқталды.
"Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз.Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мысал ретінде елдегі цифрлық платформалар мен халықаралық технологиялық компаниялардың деректерін келтірді.
"Елімізде сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады. Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Yandex пен Google компанияларының өнімдерінде қазақ тілін қолдану мүмкіндігі туралы да айтты.
"Ал Yandex компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі. "Алтын шыққан жерді белден қаз" деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript