Тоқаев қазақ тілінің қолданысы туралы айтты: биыл 71 фильмнің 63-і қазақ тілінде шыққан
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында қазақ тіліндегі кітаптар, әндер мен фильмдердің нарықтағы үлесі артқанын айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазақ тілі ұлтты ұйыстырып, қазақ мәдениетін әлемге танытатын "жұмсақ күшке" айналып келеді.
"Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ тіліндегі шығармаларға сұраныс артып отырғанын атап өтті.
"Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қоғамды біріктірудегі рөліне тоқталып, ұлт өркениетінде айрықша із қалдырған тұлғаларды атады.
"Төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін „жұмсақ күшке" айналуда. Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінде өнер, спорт және технология салаларындағы жетістіктерімен Қазақстанды әлемге танытып жүрген азаматтарды елдің рухани елшілері деп атады.
"Ал, бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр. Халқымыз „Елдестірмек – елшіден" деп бекер айтпаған. Бұл азаматтарды еліміздің нағыз отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері десек, артық болмас", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашағына сеніммен қарауға шақырды.
"Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды. Сондықтан біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?! Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript